Ұлттық жобаларға қатысты мониторингке әрбір сарапшы қатыса алады

«Үкіметтік емес ұйым өкілдеріне, сарапшылар мен блогерлерге бәрін егжей-тегжейлі түсіндіріп береміз». Ұлттық жобалардың жүзеге асырылуына мониторинг жүргізу кеңсесінің жетекшісі Арман Евниев осылай деді.

Қоғам өкілдері Ұлттық жобаларға қатысты мониторингке қатысып, оның мүшесі бола алады. Бұл арқылы үкіметтік емес ұйым өкілдері, сарапшылар мен блогерлер ақпараттық жүйеге қол жеткізеді. Түрлі тақырыптарды талқылауға қатысып, жобалардың бюджетін, шығындарын қарауға қатысады. Жұмыстардың орындалуына бағасын береді. Кем-кетігі болса оны да айтады. 

Арман Евниев, ұлттық жобалардың жүзеге асырылуына мониторинг жүргізу кеңсесінің жетекшісі:

– Әр жобаның көрсеткіштері мен индикаторлары бар. Жобалық менеджменттің тәсілі мен талабы осы нәтижелерге жеткізуді көздейді. Біздің офис жасақталғаннан бері арнайы қажетті нормативтік-құқықтық база құрылды. Атап айтқанда, осы жұмыстың барысында әр ұлттық жобаны нәтижеге, жоспарланған көрсеткіштерге жеткізу ескерілген. Күнделікті мониторинг жасалады. Тиісті қаулыда көптеген жаңашылдық мен инновациялық тәсілдер бар. Оның бірі – жобалық-желілік жүйені құру. Осы қаулының негізінде әр азамат, әр сарапшы осы мониторингіге қатыса алады.

Сарапшылар ұлттық жобалардан мол нәтиже күтеміз дейді. Себебі мемлекеттік бағдарламаларға қарағанда бұл жобалар қысқа уақытта жүзеге асырылмақ. Осынысымен де ерекше.

Ермек Тоқтаров, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері:

– Егер бұрын біз мемлекеттік бағдарламалар болғанда ұзақ мерзімге жоспарлайтын болғанбыз. Сонымен қатар бірінші бағдарлама біткен соң ол қайтадан басталатын. Енді ұлттық жобалар қысқа мерзімге 2025 жылға дейін жоспарланған. Сонымен қатар ол жүзеге асырылғаннан кейін талдау жасап, содан кейін ғана оны жалғастыра аламыз.

Атап өтейік, Президент бірер күн бұрын 10 ұлттық жобаны бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. Бұлар денсаулық сақтау, білім беру, ұлттық рухани жаңғыру, цифрландыру, ғылым мен инновацияға серпін беру, кәсіпкерлікті қолдау, өңірлерді өркендету, экономикалық өсім, экология, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және қауіпсіз ел құруға қатысты жобалар.  

Қорған Қонысбайұлы, Наргиз Бекмағанбетова