Ақтауда жылу құбырларының 72% тозып тұр

Қыс қыр астында тұр. Бірақ дайындығымыз аздау. Ақтауда жылу дегеніңіз жылымшы ғана бірдеңе, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені құбырлардың 72 проценті тозып тұр.

Шағын аудандарда жылу құбырын ауыстыру әлі де жалғасып жатыр. Мамандар бір жерін бітесе, күн өтпей басқа жерден ыстық су кетеді. Жаз бойы көшелердің қазылуынан тұрғындар әбден мезі болды.

Айдана Шамғұлова, қала тұрғыны:

– Жаз бойы көше қазып, жөндеу жұмыстарын жасап жатады. Бірақ күзде үйіміз дұрыс жылымайды. Сонда не үшін ақша төлеп отырмыз? Қазір де батареялар сәл жылы күйде. Ертең қыста қалай болады?

Мұрат Ермұхамедов, коммуналдық мекеменің бас инженері:

– Күзде гидравликалық қысымнан кейінгі шыққан ақауды ауыздықтап жатырмыз. Қаланың төменгі аумақтарында осыдан 50 жыл бұрын салынған құбырлар бар. Олар қысым көтермейді қазіргі таңда. Амал жоқ, өзіміздің мекеме шығынымен осы құбырларды ауыстырып жатырмыз.

Ақтауға жылуды энергетикалық комбинат бөледі. Үйлер мен нысандарға құбыр арқылы таратуға мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын жауапты. Қала қазынасынан 464 шақырымдық инженерлік желілердің кем-кетігін түзетуге жыл сайын кемі 100 млн теңге жұмсалады.

Нұрлан Орынбасаров, облыстық энергетика және түкш басқарма басшысының орынбасары:

– Каспий жылу су арнасы өзінің қаражатына және жергілікті бюджет қаражаты есебінен ауыстыру жұмыстарын жүргізіп отырады. Биылғы жылы 7 километр жылу құбырлары ауыстырылды. Алдағы уақытта жоспарымыз бар. Ақтау қаласының 1-ші және 6-шағын аудандарына дейінгі жылу жүйелерін реконструкциялау жұмыстары жүргізілетін болады.

Әкімдік өкілінің айтуынша, бұл шағын аудандарда жылу құбырларын толық жаңалау үшін 8 млрд теңге керек. Қазір аймақ басшысының тапсырмасымен инфрақұрылымдық желілерді жаңғырту бағдарламасы әзірленіп жатыр. Оның аясында республикалық және өңірлік бюджеттен қаржы бөлінеді.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев