Атырауда былтыр көшеге қойылған қоғамдық әжетханалар жабық тұр

Қазынаның қыруар қаржысы жұмсалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ сол дүниеден пайда жоқ деп халық наразы. Бұл мәселеге қатысты әлеуметтік желі арқылы шағым айтқандар көбейді. 

Асланбек Шығыр, тілші:

– Мына қоғамдық әжетханалардың әрқайсысының құны – 7 жарым миллион теңге. Қоғамдық әжетханалардың жұмысына мұнайлы шаһар тұрғындарының көңілі көншімейді. Қолда бар дүниені пайдаға асыра алмай отырмыз деп наразы. Келгендер кіре алмай кері қайтады. Есігі тарс жабық.

Қоғамдық әжетханалар өткен жылы ғана орнатылды. Барлығы 6 әжетхананың құны шамаман 40 миллион теңгеден асады. 

БЛИЦ:

– Салғаны не керек әжетхананы, ашық емес. Жабық тұрады.

– Ашық болғаны лдұрыс қой. Қашан көрсең жабық күйде тұрады.

– Дұрыс емес жабық тұрғаны. Халықтың пайдалануына беру керек қой. Қалай болғанда да ашып, жұмыс істеп тұрғаны бізге жақсы.

– Қоғамдық әжетханалар жабық тұрады. Бар-жоғы 5-6 әжетхана. Енді солардың дұрыс жұмыс істеуін қадағалау қиын емес қой.

Орнатылғанына 1 жыл өтсе де, қазір әжетханалардың күйі қашыпты. Тұтқасы сынған. Қабырғасы тілінген. Ал жауаптылар бұл нысандардың арнайы мекеменің қарауында екенін айтады.

Данияр Ғарифолла, қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

– Атырау қаласында 6 қоғамдық әжетхана жұмыс жасап тұр. Атап өтсек, олар Махамбет-Исатай алаңында, Жайық жағалауы бойында, Қ.Смағұлов аллеясында, Жастар саябағында, Жеңіс саябағында, Авангард мөлтек ауданының соңғы аялдамасы маңында орналасқан. Соңғы атап өткен аялдама сенімгерлік басқаруға берілген. Ал қалған бесеуі арнайы автобаза мекемесімен тазалық жұмыстары жүргізіліп, керекті заттармен жабдықталуда. Өзінің жұмыс уақытында ашық тұрады.

Бұл әжетханалар жауаптылардың көзімен қарасаңыз ғана ашық тұрады. Ал тұрғындар кіре алмай әлекке түседі. Құны бір пәтерге пара пар тағы бір қоғамдық әжетхана жуық арада пайдалануға берілмек. Ал атыраулықтар оны пайдалана алмаймыз ба деп күдіктенеді.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин