Экологтарды елордадағы ауаның ластануы алаңдатып отыр

Tengrinews

Күн суыта бастап еді, аспанды түтін торлап, қаладағы жұртты алаңдатып қойды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай түтінді елдің барлық аймағынан байқауға болады. Экологтардың айтуынша, кей қалалардағы ауадағы зиянды қалдық мөлшері 50 еседен асқан.

Өйткені жеке секторлардағы үйлерден шығатын қою түтін ауаны ластап жатыр. Мұны Экология министрлігі растап отыр. Ал ауаның қаншалықты ластанғанын арнайы қосымша арқылы білуге болады. Қазгидрометтің метеостанциялары деректер осы қосымшаға келіп түседі екен. Тіпті зиянды заттарды тастау себебі де тіркеді-міс. Ақпарат сағат сайын жаңартылып отырады.

Лаура Маликова, экологтар қауымдастығының басқарма төрайымы:

– Елордада ауаның ластануының бірнеше факторлары бар. Біріншіден, көмірдің жағылуы. Бізде жылыту маусымы ұзақ. Яғни 5-6 айға созылады. Осы уақытта ауаның сапасы күрт нашарлап кетеді. Бұл мәселені біз 2017 жылдан бері көтеріп келеміз. 2018 жылы газификация туралы шешім қабылданды.

Енді бұл күрмеулі мәселені газдандыру шешуі тиіс. Бүгіннің өзінде елорданың кейбір шеткі ауданына көгілдір отын жеткізді. Дегенмен бұның өзі түйткілді толық шешпей отыр. Себебі тұрғындар осы газды үйге тартуға асығар емес. Бұған себеп – қаржы тапшылығы.

Әсел Мұхамеджанова, ҚР ЭГТРМ экологиялық реттеу және бақылау комитетінің аналитикалық бақылау метрологы:

– Газдан басқа, кейбір тұрғын үйлерде электр пештері бар. Оларды күнделікті қолдану өте қымбат. Коммуналдық төлемдер арта түседі. Сондықтан қазір түнгі тарифті қосу қарастырылып жатыр.

Бүгінде Қазақстанның 10 қаласында ауа қатты ластанған. Олардың ішінде Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Теміртау, Өскемен, Алматы, Нұр-сұлтан қалалары бар. Оның себебі – мұнда өнеркәсіп кәсіпорындарының көп шоғырлануы. Сондықтан бұл шаһарларда экологиялық жағдай алаңдатып отыр. Енді газдандыру мәселесі толық шешілмейінше, экологтар тұрғындарға мобильді қосымша арқылы қаладағы ауаның ластану деңгейін бақылап отыруға кеңес береді. Егер ол нормадан асып кетсе, көшеде көп уақыт өткізбеуге тырысыңыз, дейді олар.

Гүлзия Нақыпқызы