Қазалыда көпір салынады

Қазалыда көпір салынады

Қарашада Сырдарияның төменгі ағысында мұз кептеледі. Сол кезде Қазалы ауданының тұрғындары әр күнді үреймен өткізеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өзендегі қалқымалы «Қарлаң» көпірі де істен шығады. Дарияның арғы бетінде қалған жұрттың аудан орталығына жетуі мұңға айналады. Естеріңізде болса, бұл мәселені арна тілшілері бірнеше рет көтерген. Енді биыл Тәуелсіздіктің 30-жылдығы қарсаңында темір-бетон өткелдің құрылысы басталады деп жоспарланып отыр.

80 мыңдай тұрғыны бар Қазалы ауданының 60 процент егіс алқабы сол дарияның арғы бетінде. Көне Жанкент қалашығын қызықтаушы туристерге де осы жерден өткен өте ыңғайлы. Ұзындығы 50 метр болатын қалт-құлт еткен өткел қауіпті, оған қоса ақылы. Осыдан 5 жыл бұрын ұн тиелген ауыр жүк көлігі дарияға құлап кетсе, 2018 жылы сең жүргенде қалқымалы көпірдің өзі су астында қалды. Жаңа көпірден күдер үзген ауылдықтарға жуырда сүйінші хабар жетті. Қазалы, Қожабақы, Бозкөл, Кәукей автожолын байланыстырушы темір-бетон өткелдің жоба-сметалық құжаты мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алып, 4 миллиард теңге бөлінетін болыпты.

Мұрат Әбсұлтанов, аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

– Жалпы жобада темір көпірде ұзындығы 2,5 шақырымды құрайды. 2 жолақты болады және жаяу жүргіншілер жолағы қарастырылған. Биылғы жылы мердігер мекеме анықталса, 2022 жылы құрылыс жұмыстарын толық бастап кету жоспарланып отыр.

Жалпы қазалылықтар Тәуелсіздік мерекесін ерекше күтеді. Өйткені 2019 жылдың желтоқсанында Әлсейіт көпірі пайдалануға берілген болатын. Бекарыстан би, Майдакөл, Түктібаев, Жалпақ ауылдары мен Арал ауданының бірсыпыра елді мекенінің 15 мыңдай тұрғыны дариядан жанын шүберекке түйіп өтетін. Қазір 2 миллиард 700 мың теңгеге салынған көпірмен күнделікті жүздеген көлік жүйіткиді.

Болат Сәдуов, Бекарыстан би ауылының тұрғыны:

– Аңсаған, армандаған көпір Кеңес заманында да айтылды. Кеңес заманында ол салынған жоқ. 120 шақырым Басықарамен айналатын едік. Қазір жарты сағатта қала орталығына жетіп тұрмыз. Ауру-сырқауға, шаруашылықтарға көп пайдасы тиіп тұр. Сосын 8 көше асфальттанды ауыл ішіндегі. Осының бәрі еліміздің тәуелсіздік алғанының арқасы.

Қазіргі таңда Қазалының жарамды жолдарының үлесі 80 проценттен асты. Жалпы егемендік алған тұстан бері ауданда 70 миллиард теңгеге түрлі нысанның құрылысы жүргізілген.

Мұхтар Оразбаев, Қазалы ауданының әкімі:

– Ауданда 19 жаңа мектеп салынды. 9 мемлекеттік балабақша, 25 денсаулық сақтау нысаны салынып, пайдалануға берілді. 15 спорт нысаны және 6 мәдениет нысаны салынып, халық игілігін көруде.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығында Қазалы қаласына газ берілмек. Әлеуметтік жағдайына елеулі өзгеріс әкелетін көгілдір отынды да тұрғындар тағатсыздана күтіп жүр.

Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев