Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында атауы жоқ ауыл бар

Қазір мұнда 50-ден астам отбасы тұрып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елді мекенде бірде-бір әлеуметтік нысан жоқ. Сондықтан мұндағы жұрт мал бағып күн көреді. Бірақ ауылдың ресми құжаты болмаған соң, бірқатар қиындық туындап отыр.

Ардақ Асылханұлы, тілші:

– Картаға түспеген, атауы жоқ ауыл, міне осы. Құжат бойынша осыдан 30 шақырым қашықтықтағы Тұзды ауылының бір көшесі саналады екен. Ал қазіргі күні мұнда шамамен 200-ден астам адам тұрып жатыр.

Тұрғындардың айтуынша, бұл елді мекен бір кездері «Алтыншы бригада» деп аталған, теміржолға қарапты. Алайда 90-жылдары мекеме тарап, ауыл иесіз қалады. Осылайша көршілес Тұзды селолық округіне қосып жіберген.

Рахат Мұхамедияров, ауыл тұрғыны:

– Ауылдың атауы жоқ. Қаншама үй бар. Тұздыға қараймыз. 117-квартал деп санайды. Қандай квартал, бұл квартал емес қой. Саяжай сияқты. Енді әкімшіліктен сұрасақ, сендерде ауыл жоқ қой дейді. Содан жер де болмай жатыр.

Атаусыз ауыл Қарағандыдан небәрі 5 шақырым қашықтықта орналасқанмен ешбір картада жоқ. Соның кесірінен жедел-жәрдем, өрт сөндірушілерді шақыру қиынға соғады екен.

Айнагүл Жүнтайова, ауыл тұрғыны:

– Жедел жәрдем шақырғанда қиналамыз. Уақытымен келмейді.

Ауылдың ресми құжаты болмаған соң тұрғындарға жақын маңнан жер алу да қиындаған. Осылайша бос жатқан 6 мың гектар жерді жеке кәсіпкердің бірі жалға алып, ауылды айналдыра егін егіп тастапты.

Ерғазы Жакин, ауыл тұрғыны:

– Ауылдың маңайын түгел жыртып тастады. Не мал жаятын жер жоқ. Бізге 1200 гектар жайылым бергенді. Ол ылғи таудың үстінде, жайылатын жер жоқ, түгел қараған, әне көрдіңіздер ғой.

Дегенмен аудан әкімшілігі малмен күнелтіп отырған жұртты жерсіз қалдырмаймыз деп отыр. Қазір кәсіпкермен келіссөздер жүргізіліп жатыр екен.

Арман Дардақов, Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары:

– Шаруашылықта көлемі 6 мың гектардай жері бар. Сол 1200 гектарды малға бөліп, дайындап қойыпты. Соны мемлекетке қайтадан қайтарамыз деген ойлары бар. Біз оларға басқа округтан жер тауып бергенбіз.

Өкінішке қарай, кәсіпкерге өзге ауылдан берілген бұл жердің тағы бір қожайыны пайда болыпты. Қазір бұл іс сотта қаралып жатыр. Егер оң шешілсе, жұрт жайылымға қол жеткізеді. Ал жеке ауыл мәртебесін беру мәселесі шешілмейтін сыңайлы. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, ол үшін инфрақұрылым, әлеуметтік, басқару нысандары болуы шарт екен.

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев