Алматыдағы қар көлік қозғалысына кедергі жасады

Алматыдағы қар көлік қозғалысына кедергі жасады

Алматыда күн күрт суытып, түнімен қар жауды. Әрине күз мезгілінде бұл табиғаттың тосын мінез танытуы емес. Бірақ елді әбігерге салғаны анық. Көктайғақтан көшелердегі көлік қозғалысы тежеліп, кептеліс болды. Түннен бері жүзден астам жол-көлік апаты тіркелген. 

- Түнгі сағат үш. Алтын Ордаға жетпей пробка.

Жарым түнде қаланың батыс кіреберіс жолындағы көрініс осындай болды. Онсыз да кептелістен көз ашпай келе жатқан «Алтын орда» базарының маңындағы қозғалыс қар жауған соң мүлдем жүрмей қалды деуге болады. Жауған қардың қалыңдығы 8 см. Дегенмен, түнгі сағат 03:30-дан бастап қар күреу жұмыстары ұйымдастырылды. Қар жинауға 517 бірлік арнайы техника тартылды.

Бағдат Шайзада, қалалық ТЖД дағдарыс жағдайларын басқару орталығының басшысы:

- Қысқа байланысты төтенше жағдайларды жоюға азаматтық қорғау күш-құралдары жұмылдырылған. Оның құрамына 1250 жеке құрам және 460 арнайы техника сонымен қатар 10 электр станциясы, жылжымалы электр станциялары бар.

Жалпы Алматыда жауын немесе қар жауса болды жол-көлік оқиғалары жиі болады.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, түнде 104 жол-көлік апаты тіркелген. Сондықтан тәртіп сақшылары жолда сақ болу керектігін айтып, жүргізушілерді көліктерін көктайғаққа дайындауды ескерткен. Ауа-райы күрт суытқанымен қаладағы жағдай тұрақты дейді төтеншеліктер.

Бағдат Шайзада, қалалық ТЖД дағдарыс жағдайларын басқару орталығының басшысы:

- Осы түнге Алматы қаласы бойынша қар түсуіне байланысты ешқандай төтенше жағдай тіркелген жоқ. Автокөліктерге ағаштар мен бұтақтардың құлауы бойынша ақпарат 112 қызметі мен Алматы қаласының құтқару қызметі 109 телефон желілеріне түскен жоқ. Барлық жағдай Алматы қаласы төтенше жағдай департаментінің бақылауында.

«Қазгидрометтің» болжамы бойынша бүгін түнде ауа температурасы минус 17 градусқа дейін төмендейді. Сол себепті мамандар тауға шықпаған жөн дейді. 

Алмас Садуақас, Сержан Жұмабай