Көшеден Равшан мен Джамшутты жинап, жұмыс істейтін мердігер қажет емес – Өскемен тұрғыны

Өскеменде көп қабатты үйдің қабырғаларының жабындылары желге ұшып жатыр. Ал су құбырларын құрылысшылар қарапайым сыммен жалғай салған. Тұрғын үй осыдан екі жыл бұрын салынған. Тиісті орындардың табалдырығын тоздырған тұрғындар арыз-шағымдарға берілген жауаптан жертөледе көрме ашып қойыпты. Өйткені нәтиже шықпаған. Сорақысы сол - өз міндеттерін салақ орындаған компанияны жауапқа тарту мүмкін емес. Ол фирма лицензиясынан қағылып, банкротқа ұшыраған. Енді бүкіл жауапкершілік «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясына» жүктеліп отыр.

- Бауыржан Момыш-ұлы 14/6 обрушение сегодня.

Салына салып, сайдингі құлап жатқан үй. Биыл бұл жағдай алтыншы рет қайталанып тұр. Зейнеткер Бақытбек Әміренов соның барлығына куә.

Айтуынша, үйдің іші де, сырты да кемшілікке толы. Ешқандай техникалық талап ескерілмеген. Мәселен, су құбырын толық ауыстырмаса болмайды, ал оның ұзындығы 9 шақырымды құрайды. Өйткені сапасыз құбырлар ілініп-салынып әрең тұр.

- Мына стыктан давление, қысым қатты болған кезде үзіледі де авария болады, қыстай осындай аварияны бастан өткеріп келе жатырмыз.

Құбырды түртсең құлап кетердей. Терезелерде маңдайша жоқ. Еденде цемент аз. Үйді қаптаудың технологиясы сақталмаған. Подъезд аралары сетінегіш құрылыс мақтасымен толтырылған. Айта берсең бұндай кем-кетіктер таусылмайды, дейді Бақытбек Әміренов. Осының барлығын қағазға тізген тұрғындар атқарушы және құзырлы органдарға түгел шағымданыпты. Бірақ сырғытпа жауаптан басқа түк жоқ. Қазір сансыз «жауап хаттарды» жертөлеге іліп, көрме ұйымдастырып қойыпты. 

- Это обращение в обл.прокуратуру, антикор, департамент экономических расследований. 

Пәтер иелері айына 80-120 мың теңге аралығында төлеп келеді.Бірақ ертеңгі күніміз не болады деп алаңдаулы. 

Гүлсанат Қазақпаева,үй тұрғыны:

- Пәтеріміз суық, біз 8 ай бойы көшіп кіре алмай, сенделіп жүрдік. Өткен жылы «кемшіліктің барлығын жөндейміз, жылылап береміз» деген, бір де бір уәде орындалмады.

Үйді салған бас мердігер компания банкрот болып, пәледен құтылды. Сондықтан «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынған даулы баспанаға жауапкершілік «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясына» жүктелген.Олар өз тарапынан үйді зерттеп,техникалық кем-кетігін 30 бетке тізіп шығыпты. Енді тек келесі жылы оның барлығы қалыпқа келтіріледі деп уәде берді. 

Әділжан Қабылдин, «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ департамент директоры:

- Қазір мемлекеттік сараптама болып жатыр.Соның нәтижесі алынған соң кететін шығын көлемі анықталады. Жұмыс келесі жылдың басына жоспарланды. 

Бақытбек Әміренов, үй тұрғыны:

- Біздің қорқатынымыз ертең Астанадан бір ТОО-шник келеді чемоданын көтеріп. Одан соң көшеден Равшан мен Джамшуттарды жинап ап, тағы тяп-ляп істейді, соны жібермей үшін біз бақылау жасаймыз. 

Осылайша мемлекеттік қазынаның қыруар ақшасына салынған үйге тағы да қаржы бөлінеді. Тағы да жамап-жасқалады.

«Бір сұмдығы, мұндай жағдай қалыпты болып бара жатқанға ұқсайды» дейді тұрғындар.

Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин, Сабина Рахымбай, Қанат Әбілдин