Ақмола облысында «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасымен бөлінетін қаражат үш есеге өсті

Ақмола облысында «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасымен бөлінетін қаражат үш есеге өсті

Биылғы жаз малға онша қолайлы болмағанмен, жанға медеу. Бір ғана Ақмола облысында «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бөлінетін қаражат сомасы биыл 3 есеге өсті, деп хабарлайды «Хабар 24». Мамандардың айтуынша, осы жылы 9 млрд теңгеге жуық қаржы 27 ауылды жақсартуға жұмсалып отыр. Бұл елді мекендерде көптеген әлеуметтік нысандар жөнделіп, инфрақұрылымдар қалыпқа келді.

Жақсы ауылындағы оқушылар үйінің ғимараты өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген нысан биыл толықтай жаңартылмақ. Ол үшін ел қазынасынан 234 млн теңге бөлініпті. Жазда басталған құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.

Ерік Шәпиев, Жақсы аудандық білім бөлімінің жетекшісі:

– Биылғы жылы аудан бойынша 3 күрделі жұмыс жүргізіліп жатыр. Терезелері толығымен ауыстырылды. Запорожье ауылындағы мектепке 100 пайыз күрделі жұмыстары аяқталды. Одан кейін №1 Жақсы мектебіне күрделі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Жалпы биылғы тізімге ілінген 27 ауылда 10 шақты әлеуметтік нысан жөнделіп, барлығының дерлік жолдары қалыпқа келтіріледі. Жауапты мекемелердің берген мәліметіне сүйенсек, бүгінге дейін бас-аяғы 100 шақырымнан асатын көшелер мен жолдар жақсартылған.

Азамат Байқуанышев, облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім жетекшісі:

– Аталған жоба басталғалы бері бізде 36 ауыл осы бағдарламаның игілігін көрді. Оларда спорт кешендері бой көтеріп, білім, мәдениет және медицина мекемелері жөнделді. Су құбырлары тартылып, электр желілері жөнделіп жатыр. Келесі жылы тағы 20 шақты ауылда осындай жұмыстар жүргізіледі.

Ал 2026 жылға дейін аймақтағы 600 елді мекеннің жартысына жуығын аталған бағдарламаның көмегімен ажарландыру жоспарланған. Осылайша облыстағы ауыл халқының 84 проценті мемлекеттік жобаның игілігін көрмек. Елді мекен тұрғындары болса, жұмыстардың бәрі сапалы жасалса, – деген тілектерін білдіреді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко, Анатолий Полянный