Петропавлда алаяққа алданған тұрғын 10 млн теңгені несиеге алып берген

Петропавлда алаяққа алданған тұрғын 10 млн теңгені несиеге алып берген
inform.kz

Ол полицияға арызданып, өзінің алаяққа жем болғанын айтқан, деп хабарлайды «Хабар 24» Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Зардап шегушіге белгісіз біреу банктің қауіпсіздік қызметінен екенін айтып, атына басқа адамның үлкен несие ресімдегенін хабарлаған. WhatsApp мессенджері арқылы хабарласқан күдікті  оның қазіргі уақытта ең қауіпсіз байланыс құралы екенін айтқан. Сондай-ақ телефон шалушы заңсыз әрекеттің алдын алу үшін жәбірленушінің сеніміне әбден кірген. Тіпті «несиелік лимит таңдауды» ұсынып, бірнеше банктен 10 млн теңге несие ресімдетіп, оны «сақтық шотқа» салғызған. Бірақ ол жерде ақша сақталмаған.

Алданғанын кейін түсінген тұрғын полицияға шағымданған. 

«Психологиялық тәсілдері әртүрлі болғанымен, олардың мақсаты бір – қылмыскерлер өз құрбандарын асықтырып, ойлануға мұрсат бермей, тез шешім қабылдатқызады», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасының екінші полиция бөлімінің бастығы Руслан Сыздықов.

Сонымен қатар полицейлер банктің қауіпсіздік қызметі ешқашан клиенттерге телефон соқпайтынын және қандай да бір қаржылық операция жасауды талап етпейтінін ескертеді.