Маңғыстауда орыс-ағылшын тілі мен математика пәні мұғалімі тапшы

Маңғыстауда орыс-ағылшын тілі мен математика пәні мұғалімі тапшы

Маңғыстау өңіріндегі мектептерде мұғалім жетпейді, деп хабарлайды «Хабар 24». Орта білім беру мекемелерінде 98 орын бос тұр. Соның 71-і орыс тілі пәні бойынша. Тағы 19-ы есеп сабағынан. Ал ағылшын тілінен дәріс беретін 8 маман қажет. Мәселені шешу үшін жылда жергілікті бюджет есебінен облыс әкімінің білім гранты бөлінеді. Бірақ мұнан да нәтиже шамалы. Сол себепті әзірге мектеп басшылары тығырықтан шығу амалдарын өздері іздеп әлек.

Ұстаз Жансұлу Өтептің қызмет өтілі 40 жылға жуықтаған. Былтыр зейнет демалысына шыққанын айтады. Өзі ұзақ жыл еңбек еткен білім ордасында математикадан сабақ беретін мұғалім тапшы. Осы себепті директордың өтінішін қабыл алып, бастауыш сыныпқа дәріс өткізіп келеді.

Жансұлу Өтеп, бастауыш сынып мұғалімі:

–4-сыныбым бітірсе, осылармен қоштасып, содан кейін зейнеткерлік өмірімді бастаймын деп отырмын. Бір жыл қалғанда тастап кетуге қимадым. Егер мектеп басшысы әлі де істей тұрыңыз десе, істеуге бармын.

Ақтаудағы Нәсіпқали Марабаев атындағы №7 мектеп-лицейде 5 бос орын бар. Математика және бастауыш сыныптарға орыс тілінен сабақ беретін ұстаздар қажет. Жалпы мұнда 103 педагог бар. Соның ішінде зейнет жастағы 6 адам бір жылдық келісімшартпен қызмет атқарып жүр. Соңғы жылдары жас мамандар шақыртумен келе бастаған.

Гүлден Иманғалиева, мектеп-лицей директоры:

– Тараз, Орал қаласынан, Атырау қаласынан келген мұғалімдер бар. Биыл жалпы 18 адам жұмысқа алынды. Сегізі жас маман болып есептеледі. Білім басқармасына алғыс айтқым келеді. Жатақханамен қамтамасыз етеді. Отбасылы болса, жанұяға арналған бөлме береміз, болмаса 2-3 адамға арналған бөлмемен қамтамасыз етеміз.

Аймақта білім беру ұйымдары мен мекемелерінде 21 мың 377 педагог еңбек етеді. 15 мыңнан астамы мектептерде сабақ береді. Жыл басынан бері 1253 жас маман жұмысқа орналасты. Әлі де болса кадр тапшылығы өзекті.

Светлана Төлебаева, облыстық білім басқармасының басшысы:

– Облыс әкімінің грантымен 204 студент білім алуда. Оның ішінде орыс тілді мектептерге келетін мамандар саны 54. Республикалық бюджеттен аз қамтылған отбасы балаларына арналған 114 білім гранты педагогикалық мамандыққа бөлінді.

Тағы 1298 маңғыстаулық түлек еліміздің жоғары оқу орындарында оқып жатыр. Ауыл мектептерінде мұғалім жетіспеушілігін жоюда мемлекеттік «Дипломмен ауылға» бағдарламасының септігі мол. Соңғы 5 жылда 479 ұстаз тұрақты қызметке тұрып әрі баспана алған.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев