Шығыстағы орманды алқаптың аумағы 40 мыңға гектарға дейін арттырылады

Шығыстағы орманды алқаптың аумағы 40 мыңға гектарға дейін арттырылады

Шығыс қазақстандықтар 2025 жылға дейін 200 миллион түп ағаш екпек. Ал орманды алқаптың аумағын 40 мың гектарға арттырады. Бұл үшін 8 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді.

Бұл Президент Жолдауында айтылған тапсырма. Мемлекет басшысы Үкіметке елде жасыл желекті көбейтіп, жалпы көлемі 2 миллиард ағаш егуді жүктеген.

Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданында орналасқан мына тұқымбақ кешені осыдан 5 жыл бұрын іске қосылған. Орталық Азияда теңдесі жоқ нысан швед технологиясы бойынша жұмыс істейді. Мұнда алдын ала жиналған қарағай бүршіктері сұрыпталып, жылыжайда өсіруге дайындалады. Сәуірде алғашқы отырғызу басталады. Биыл қыс айларында 12 тонна бүршік жиналады деген жоспар бар. Жергілікті тұрғындар үшін бұл қосымша нәпақа. Оның келісіне 325 теңге төленеді. 

Сырым Елемесов, тұқымбақ кешенінің директоры:

- Далада өсіруге тұқымбақтарда 2 жыл керек. Ал мынау тамырында өз топырағымен жарты жылдың ішінде жарамды өсімдік болып шығады. Және орманға апарып ектік, осы міне 5-6 жылда орманға еккен қарағайлар 90% жоғары қабылданды. Бұрынғы технология 50%, ең жақсысы 65%.

Мұнда бір тонна бүршіктен 100 келі тұқым өндіріледі екен. 5 жылдың ішінде 15 миллион қарағай өскіні шығарылған. Кешенде тұрақты 34 адам еңбек етсе, маусымдық жұмыстарға тағы 40 тұрғын тартылады. Технология озық, жұмыс ауқымы ұлғайып келеді. Алайда еңбекақы мәселесі әлі күнге оң шешілмей келе жатқаны қынжылтады дейді орманшылар. Қазір еңбеккерлердің жалақысы 50-60 мың теңгенің айналасында.

Сырым Елемесов, тұқымбақ кешенінің директоры:

- Жоспарда тұр 5,5 гектар жыл сайын себу. Сонда бір гектарына 1,2 миллион шығу керек жоспар бойынша. Ал егер 1,5 миллионға жеткізсек, онда бірталай өсімдік өсіретін боламыз. Бізде бір проблема жыл сайын кісі азайып жатыр жұмысқа қабылданатын. Ал жұмыс көлемі көбейіп жатыр. Сондықтан дұрыс жалақы көтерсе, сонда мен ойлаймын ондай проблема болмайды. 

Болат Бердікенов, «Семей орманы» МТОР Бас директорының м.а.:

- Президентіміздің өткен жылғы Жолдауындағы тапсырмаға сәйкес 2025 жылға дейін ағаш отырғызу алқабын 25 мың гектардан асырып, 120 миллион қарағай өскінін отырғызу жоспарланып отыр. Тұқымбақтардағы жұмыс көлемі де артады. Ауқымды жоспарды жүзеге асырып, техника жаңалау үшін ел қазынасынан 757 миллион теңге бөлінді. 

Қазір орманшыларға қажетті жаңа техника сатып алынып жатыр. Тек ғана «Семей орманы» мемлекеттік резерватында ғана 50-ден астам трактор, көшет отырғызу қондырғылары игілікті іске жұмылдырылады. Алдағы 4 жылдың ішінде жалпы Шығыс Қазақстан облысы бойынша 200 миллион түп ағаш отырғызылмақ. Орманды алқаптардың көлемін 40 мың гектарға арттыру көзделіп отыр. Бұл мақсатқа ел қазынасынан 8 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді.

Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы