Атырау облысында алдағы бес жылда 7 млн түп ағаш егіледі

Атырау облысында алдағы бес жылда 7 млн түп ағаш егіледі

Климаты қытымыр мұнайлы өңір үшін жасыл-желектің орны айрықша, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Оның үстіне соңғы он жылда Жайық өзені екі есеге дейін тартылып, жағалаулар жалаңаш қалған. Осыған орай жергілікті билік орман қорын молайтуға арналған бес жылдық бағдарлама қабылдады. Биыл 309 гектар аумаққа 900 мыңнан астам көшет отырғызылып, күтімге алынған болатын. Қосымша облыс орталығында 68 мың түп ағаш отырғызылды. Олар негізінен Жайық өзеніне таяу орналасқан саябақтар мен жағалауға отырғызылды. Мұндай жұмыстар Махамбет, Индер және Құрманғазы аудандарында да қолға қойылып келеді. Орман шаруашылығы мекемелері үшін 5 гектарлық 4 тұқымбақ жасақталды.

Мереке Шалқаров, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:

- Облыстағы орман қорының барлығы осы Жайық жағасында орналасқан. Осыған байланысты орманның да соңғы 10 жылда 35-40 проценті қурап, азаю фактілері тіркелді. Осының алдын алу мақсатында орман шаруашылығы мекемелерімен бірге бес жылда 7 млн 75 мың ағашты 2803 гектарға ұлғайтып, ағаш егу жоспарланып отыр.