Арыстағы жарылысқа қатысты сотталған жеті адамның үкімінің күші жойылды

Арыстағы жарылысқа кінәлі деп сотталған жетеудің үкімі өзгерді. Олар жасаған қылмысының  мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.

Әскери соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Шымкент гарнизоны Әскери сотының 2021 жылғы 26 шілдедегі шығарған үкімін апелляциялық тәртіпте қайта қарады.

Сот үкімі бойынша барлығы 16 адам кінәлі деп танылған. Оның 12-сі төрт жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ал 4 адамға қатысты шартты түрде - төрт жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылды.

Қорғаушы тарап қылмыс құрамының жоқтығына байланысты  сотталушыларды ақтауды сұрады. Ал прокуратура екі тұлғаға қатысты үкімді нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырды. Сондай-ақ үш адамға қатысты қосымша жазаны өзгертуді, қалғандарына үкімді өзгеріссіз қалдыруды сұрады. Апелляциялық сот қаулысының толық мәтіні 8 желтоқсан күні сағат 18:00-де жарияланады.