Мамандар: Аралдың тұзды дауылынан сексеуіл қорғайды

Арал теңізінің тартылып кеткен орнына 14 тоннадан аса сексеуіл тұқымы себіледі, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Қызылорда облысында жасыл желекті қалпына келтіріп, дауылды азайтуға бағытталған ірі жоба жүзеге асады. Қазір боран мен құрғақшылық зардабын Арал өңірі ғана емес, Қарақалпақстанның халқы да тартып отыр. Жоба биыл жыл соңында басталып, 2025 жылға дейін жалғасады

Бұл кадрлар халықаралық ғарыш станциясының бортынан түсірілген. Одан Аралдың тартылып кеткен бөлігі анық көрінеді. Толығымен дерлік кеуіп қалған жағы кадрдың жоғарғы оң жақ бөлігінен байқалады.

Ал мына бейнетүсірілімде Арал өңірінде жиі болып тұратын қауіпті атмосфералық құбылыс көрсетілген. Күтпеген жерден көтерілетін тұзды дауылдан жергілікті халық әбден зиян шегіп отыр. Теңіздің табанында Өзбекстанның мақта алқаптарынан шайылған гербицидтің қалдықтары ондаған жыл қатарынан жиналып қалған. Оның бәрі ол жерге Амудария суымен келген. Енді сол тұз бен улы заттар жердің бетіне шыққан.

Арал теңізінің түбіндегі топырақтың бұзылуын тоқтатудың бірден-бір жолы сексеуіл егу. Өзбекстанда бұл жұмыс соңғы үш жылда қарқынды жүргізіліп жатыр. Енді оған біздің еліміз қосылады.

Владимир Санаров, "Қазавиаорманқорғау" РМҚК инспекторы

– Дайындықты бастап кеттік. Алдымызда шөлейтті жерді қалпына келтіру үшін қыруар шаруа жасалады деген жоспарымыз бар. Теңіздің тартылып кеткен аумағы 100 шақырымнан асады. Жұмыста біраз қындықтар болуы да мүмкін. Себебі онда жол да, байланыс та жоқ. Біз сол тұз бен шаң басқан далаға сексеуіл тұқымын себеміз.

Арал теңізіне сексеуіл егу жұмыстарын «Қазавиаорманқорғау» кәсіпорны атқарады. Жоба авиацияның көмегімен жүзеге асады. Бұл аумақты кеңінен қамтуға мүмкіндік бермек. Оған 6 Ан-2 ұшағы пайдаланылады. Сексеуіл тұқымы Іле-Балқаш резерватынан жиналып, Қызылорда облысына жөнелтілді. Жаңа жоба кәсіпорынның жұмысына да біраз өзгеріс енгізбек.

Владимир Санаров, "Қазавиаорманқорғау" РМҚК инспекторы

– Ең аз дегенде, 6 нормативтік-құқықтық және заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Бұл кәсіпорын жарғысы бойынша осы жұмыстарды істеуге мүмкіндік береді. Мұның барлығы осы жобадағы міндеттерді өз деңгейінде атқаруға қатысты іс-шаралар дер едім.

20 желтоқсанға дейін ұшақпен 64 мың гектар жерге сексеуіл тұқымы себіледі. Жоба алдағы 3 жылға есептелген. Осы аралықта 1 жарым миллион гектар аумақ қамтылады.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова,Эдуард Кон, Әбен Нарынбаев