Құмға көмілген ауылға кім араша түседі?

Атырау облысы Азғыр өңіріндегі «Үштаған» ауылын құм басу қаупі бар, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Кейінгі жылдары құрғақшылық пен мал басының көбеюінен елді мекен іргесіндегі шағыл шөбі тақырланып қалды. Бұл құмның көшуіне әсер етті. Бүгінде ұзындығы 5-6, ені 2 шақырымдай шағыл ауыл іргесіне таяп, шеткі үйлерге жақындады. Жергілікті билік құзырлы басқармалармен бірлесіп, жаңа жоба жасады. Келер жылдан бастап 33 гектардан астам шағыл жиегі тазаланып сексеуіл егіледі.

Арыстанбек Кенже, тілші:

– Құм көшкінінің күшеюіне соңғы 3-4 жылда ғы қуаңшылық та себеп болып отыр. Айталық, осы Үштаған ауылында жаз бойы тек екі-ақ мәрте жаңбыр жауған екен. Салдарынан бұрын мына актікен, шағыр, болмаса, сүттегендер өсіп құмның тоқтауына өзіндік себеп болатын. Енді ылғалдың жоқтығынан іргеден құйылған құм ауылды басып барады.

Асан ауылдық округіне қарасты Үштаған ауылындағы 150-ге тарта отбасының өзекті мәселесіне айналғалы талай жыл болды. Себебі мұнда жылдың 8-9 айында құм бораны толассыз соғып тұрады екен.

Қабырахим Құсанов, Үштаған ауылының тұрғыны:

– Ауылымыздың төрт құбыласын да басып болды. Амалы тек саксеуіл егу. Сонымен тоқтатуға болады. Оған бізде су жоқ. Бұл жерден ешкімнің көшкісі жоқ. Осы елді мекенде отырмыз, әркім өзінің шаруасын күйттеп жұмысын істеп жатыр ғой, тек проблема осы шағыл.

Сексеуіл – қызыл құмға өте төзімді көп жылдық өсімдік. Әрі құм көшкінін тоқтататын бірден бір амал. Бұған дейін Атырау облысының Жылыой, Исатай аудандарында егілген өскіндер жап-жақсы нәтиже беріпті. Енді жергілікті билік осы әдісті Үштағанға да қолданып көрмек.

Мақсат Мырзағалиев, Асан ауылдық округінің әкімі:

– Жаз мезігілінде құм көшкінін тоқтату мақсатында автогрейдермен кіре беріс жолдарды аршып, тазалаймыз. Қазіргі уақытта табиғи ресурстар басқармасы арқылы жоба жасақталып, биылғы жылы аяқталды. Алдағы уақытта осы 10 гектар жерге сексеуіл егу жұмыстары жүргізілетін болады.

Аудан әкімдігі өз күшімен келер жылы 34 гектар жерге құм тоқтату жұмыстарын бастайды. Сосын арнайы тұқымбақта егілген сексеуіл өскіндерін егу қолға алынбақ. Бүгінде осы іске жауапты мердігер анықталып, бюджеттен 1,200 млн теңге бөлініпті. Нәтиже болса, құм тоқтату жұмыстары кешенді жүргізілетін болады. Негізі, шөбі шүйгін өңір мал шаруашылығына өркендетуге өте қолайлы. Құмнан қорқып көшіп жатқан ешкім жоқ. Бүгінде Үштаған ауылында 36 шаруа қожалығы бар екен. Тек адамға жағдай жасалса, құмды өңірдің көркейері анық.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов