2022 жылы қанша қазақстандық біржолғы зейнетақы төлемін ала алады

Келер жылы біржолғы зейнетақы төлемін алудың жеткілікті шегі шамамен екі есе ұлғаяды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған байланысты зейнетақы қорының салымшылары есепшотында артылып тұрған ақшаны пайдасына жаратып қалуға асығып жатыр. Жұрт несиеге сатып алған баспанасының ай сайынғы төлем мөлшерін қысқартқысы келсе, кейбірі басқа қаржылық ұйымдарға аудару амалдарын қарастырады.

Жалпы бұл жаңалық жарияланғалы, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ресми сайтына кірушілер саны күрт артқан. Салдарынан сайт жұмысы да тежеле бастады.

Мысалы, орда бұзар жас отыздағы салымшының есебінде қазір 2 жарым млн теңге жатуы тиіс болса, 2022 жылдан бастап бұл қаражаттың сомасы 4 млн 370 мың теңгеден кем болмау керек. Баспанасы жоқ қырықтағы азаматтың қамал түгілі пәтер алуы да қиындай түспек. Өйткені оның шотындағы шекті мөлшер 5 млн 790 мың теңгеден төмен болмауы шарт. Жеткілікті шегінің 1,8 процентке өсуін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының өкілдері ең төменгі жалақы мөлшерінің 42 мың 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін артуымен түсіндірді.

Жанат Құрманов, «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасы:

– Ең төменгі зейнетақы және ең төменгі базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері мен басқа да әлеуметтік көрсеткіштер өсті. Инфляцияға байланысты индексация процесі жүреді. Яғни күнкөріс деңгейінің ең төменгі шегі жоғарылайтын болған соң көп көрсеткіш жыл сайын қайта есептеліп отырады. Мұның бәрі әлбетте зейнетақы қорында қалуы қажет соманың көлеміне де әсер етпей қоймады. Жаңа талап бойынша 582 мың азаматтың біржолғы зейнетақы төлемін алу мүмкіндігі бар. Артылып тұрған қаражаттың жалпы сомасы 900 млрд теңге.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ұсынған деректер бойынша тұрғын үй сатып алуға ипотекалық қарыз алу үшін осы күнге дейін салымшылардан 23 мыңнан астам өтініш түсті. Осы мақсатта алынған біржолғы зейнетақы төлемдерінің сомасы 77 млрд теңгеге жуықтайды. Ал емделуге шамамен 75 мың өтініш қабылданды. Мұнда алынған қаржы көлемі 67 млрд теңге. Есепшотында артылған ақшасын белгілі бір себептерге байланысты енді ала алмайтындар не істемек?

Арман Бейсенбаев, халықаралық брокерлік топ сарапшысы:

– Ештеңе істеудің қажеті жоқ. Жай ғана жағдайға мойынсұну керек деп ойлаймын. Артылып тұрған ақшаны қысқа уақыт ішінде жаңа жылға дейін пайдаланып қалу мүмкіндігі болса, әрине болады. Егер процесс күрделі және уақыты ұзақ болса, уайымдаудың қажеті жоқ. Ақшаңыз ешқайда кетпейді. Өз шотыңызда қалады. Жеткілікті шегінен артылып тұрған ақшаны бұрын пайдаланбасаңыз, жақын арада да қолдану қажеттілігі пайда болады деп ойламаймын.

Бұл өзгеріс қандай экономикалық жағдайға әкелуі мүмкін?

Сарапшылардың айтуынша, жылжымайтын мүлік нарығында стагнация орнауы ықтимал. Яғни пәтер сатып алушылар мен тұрғын үй несиесін уақытынан бұрын толық немесе ішінара өтеушілер саны біршама азаяды. Бірақ баспана бағасына қалай әсер ететінін болжау қиын дейді экономистер.

Авторы: Мирлан Алтынбек