Оралда екі жасөспірімді қаққан көлік жүргізушісі қолхатпен босатылды

Оралда 16 жастағы екі жасөспірімді қағып кеткен джип автокөлігінің жүргізушісі ешқайда шықпау туралы қолхатпен босатылды.

Естеріңізге сала кетейік, оқыс оқиға өткен сенбіде болған еді. Жасөспірімдер бұл кезде жол жиегінде келе жатқан. Жол көлік оқиғасына күдікті «Тойота Прадоның» жүргізушісі көлікті жолаушысымен тастап өзі оқиға орнынан бой тасалаған. Бірақ кешікпей полицияның қолына түсті. Оқиға болған кезде жүргізуші мас болды деген ақпаратты құқық қорғаушылар растамады. Қазір күдіктіге қатысты ҚР ҚК 345-бабының бірнеше тармағы бойынша іс қозғалды, тергеу амалдары жүріп жатыр. Ал зардап шеккен екі бозбала облыстық балалар ауруханасында емделуде. Бірінің аяғына бүгін операция жасалды. Екеуі де жабық ми жарақатын алған, дәрігерлер олардың жағдайын орташа ауыр деп бағалайды.