Маңғыстау облысында «Нұрлы жер» арқылы көп балалы аналарға 153 пәтер сатып алынды

Маңғыстау облысында «Нұрлы жер» арқылы көп балалы аналарға 153 пәтер сатып алынды

Биыл Маңғыстау облысында «Нұрлы жер» бағдарламасымен көп балалы аналарға жалпы құны 1,3 млрд теңгеге 153 пәтер сатып алынды. Пәтердің елуден астамы облыс орталығынан берілді. Біраз отбасы қоныс тойын тойлады. Тәуелсіздік мерекесінде тағы бірнеше жанұяға пәтер кілтін тапсыру жоспарда тұр.

Ауыл тұрғыны Зағипа Елтижева 15 жыл бойы пәтер жалдап тұруға мәжбүр болғанын айтады. 5 баласының кенжесі - мүгедек. Көп балалы ана баспана үшін айына 45 мың теңге төлеген. 2 жыл бұрын пәтер кезегіне тұрған жанұяның басты арманы биыл орындалды. Қараша айында Шетпеден 6 бөлмелі үй берілді.

Зағипа Елтижева, Шетпе ауылының тұрғыны:

- Кілтті берді, мен қуандым. Мектепте уборщица болып жұмыс істеймін. Айлығым 50 мың. Кіші баламды жыл сайын Астанаға апарып тұрдым. Үй алуға мүмкіншілігім болған жоқ. Көп балалы аналарға осылай қолдау жасап жатқандарына көп-көп рақмет. 

Аудандарда баспанамен қамтудың биылғы жоспары толық орындалған. Кей аудандар біраз үйдің кілтін табыстап үлгірді. «Қазіргі уақытта Мұнайлы ауданында 10 пәтердің құжаты рәсімделіп жатыр. Иелеріне 16 желтоқсанда салтанатты түрде беріледі», - дейді жауапты мамандар. 

Ербол Махитов, Өңірлік құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы:

- Жыл соңына дейін көп балалы аналарға бастапқы тұрғын үйлерден пәтерлер сатып алуға жалпы ауданы 8400 шаршы метрді құрайтын 153 пәтерге 1 млрд 300 млн теңге қаражат бөлінген. Барлық әкімдіктер бекітілген жоспарды орындап, пәтерлерді сатып алған болатын. Маңғыстау ауданында 24 пәтер, Түпқараған ауданында 15 пәтерден. 

Келер жылы мемлекеттік бағдарламаның шарапатын 500-ге тарта отбасы көреді деп жоспарланған. Нақты айтсақ, көп балалы аналар үшін мемлекет қаражатына 472 пәтер сатып алу күн тәртібінде тұр.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев