«Ұлытау» ұлттық паркі өңірдің дамуына септігін тигізеді – Берік Әбдіғалиұлы

Түркі жұрты қасиет тұтқан Ұлытау ұлттық парк болып құрылды. Бұл елде айрықша мән беріліп, қорғалатын аймақтардың ішінде 14-ші болып тізімге енді.

Мемлекет ұлт ұясын осылайша қамқорлыққа алып, әр шоқысын, әр тасын, шөбін, жан-жануарын қорғамақ. Қорғап қана қоймай жоғалған дүниелерді қайта қалпына келтіреді. Алты Алаш, одан әрі де бүкіл түркі дүниесінің киесіндей болған Ұлытауда алғашқы жұмыстар басталып та кеткен. Биыл Жошы хан кешені ашылды. Өңірде бұған дейін де Асан қайғыға, Қазақ хандығына, Көкбөріге ескерткіштер қойылып елдің рухын жаныған еді. Ұлттық парк мәртебесі өңірдің эко және этно туризмін де дамытуға сеп болмақ. Мәжіліс депутаты, Ұлытау ауданының әкімі қызметін атқарған Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, ең алдымен парк қорықшыларын даярлау ісі қолға алынады. Осылайша дала тарихы мен табиғатын қорғауға кәсіби тұрғыдан машықтанған 70 маман жұмылмақ.

Берік Әбдіғалиұлы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Экология министрлігімен Ұлытауға арқарларды әкелу жөнінде келісіміміз болған. Ұлытауда арқарлар бұрын да болған, енді таумен қатар олар да ерекше қорғауға алынады. Бұл нәрсе бұрынғы жануарлар әлемін қалпына келтіруде өз септігін тигізеді деген үміттенеміз. Сондай-ақ осы өңірдің дамуына септігін тигізеді деп ойлаймын.

Естеріңізге сала кетсек, 2019 жылы мемлекет басшысы халықаралық туристік форум аясында қасиетті мекенге ат басын бұрған еді. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауды «ұлтымыздың алтын бесігі, тағылымды тарихымыздың куәсі» деп ерекше атап өткен. Қазақстан Президенті сол жолғы сапарында ұлттың ұясы, бірліктің бесігі саналатын Ұлытауды ерекше қорғауға алуды тапсырған еді.