Қазақстанда әйел судьялардың үлесі басым

Қазақстанда әйел судьялардың үлесі басым

Елдің әр бесінші сотында әйел судья төрағалық етеді. Бұл туралы бүгін Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия отырысында айтылды.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазір қазақстандық судьялардың 52 проценті әйел болса, қалғаны ер азаматтар. Жүйедегі әкімшілік-мемлекеттік қызметшілердің басым бөлігі қыз-келіншек. Прокуратура мен құқық қорғау қызметінде де әйелдердің үлесі аз емес. Бұл елде жүргізіліп жатқан гендерлік теңдік саясатының нәтижесі. Алқалы жиынға қатысушылар қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайтуға бағытталған салаларда әйелдерге тең құқық берілуі жайында сөз қозғады.

Жаңылсын Архарова, ҚР Жоғарғы сотының судьясы:

– Аталған статистика еліміздегі демографиялық ахуалды толық сипаттайды. Судьялар конкурс бойынша тағайындалады. Барлық әйел адам оған қатысуға құқылы. Бұл қызметке нәзік жандылар тарапынан қызығуышылық жоғары. Бірақ бізде судьялар тек гендерлік сипат бойынша тағайындалады деуге болмайды. Ең бастысы, әйелдердің біліктілігіне мән беріледі.