Маңғыстауда автоматты жылу жүйесі орнатылды

Маңғыстауда автоматты жылу жүйесі орнатылды

Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласында әлеуметтік нысандар мен тұрғын-үйлерге автоматтандырылған жылу қондырғылары орнатылуда. Енді құрылғы арқылы қақаған аязда жылу мөлшері азаймай, пәтерлерге тоқтаусыз беріледі. Жалпы жылу жүйесін жөндеуге жергілікті бюджеттен 90 млн теңге бөлінген.

Батшайы Толтырова «Өркен» шағынаудандағы үйлердің пәтер иелері кооперативін басқарады. Жылу мен судың әр үйге кедергісіз келуі оның басты жауапкершілігінде. Сондықтан автоматты қондырғы орнатылатынына бірінші болып қуанған. Себебі бұрын тұрғындардан шағым жиі түсетін көрінеді.

Батшайы Толтырова, ПИК басшысы:

– Жылу қызбағанда тұрғындар шағымданатын еді. қазір ондай жоқ. Бес қабаттың бәрі қызып тұр. Жылу болмаса өтінім беремін. мысалы, бүгін 53-үйде жылу жоқ деп ескертемін. Тұрбалардың барлығын 100 процент ауыстырдық.

Автоматты жылу қондырғылары бірінші қаланың шетінде орналасқан үйлерге қойылып жатыр. Себебі жылу дұрыс жетпейді. Тұрғындардың да айтары осы.

Жаңаөзен қаласы бойынша осы уақытқа дейін балабақшалар мен мектептерге және 47 үйге автоматты қондырғы орнатылған. Жүйенің тиімділігі сол, ауа-райына қарамастан жылуды өзі реттейді. Арнайы датчиктер арқылы қысымды бірқалыпты ұстайды әрі тұрғындар шығыны азаяды.

 

Алдағы уақытта қаланың 4,5-ші шағынаудандарындағы тағы 40 үйіне термоқондырғы орнатылмақ. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 90 млн.теңге бөлінген.

Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев