«Хабар» агенттігінің журналистері халық алғысына ие болды

Індет жаппай жайлаған сәтте күн-түн қызмет еткен «Хабар 24» арнасына халықтың ризашылығына ие болды. Тынымсыз еңбек еткен журналистер лайықты марапаттарын алды, деп хабарлайды Хабар 24.

Халық үшін қызмет еткен белсенді мамандарға «Халық алғысы» медалі берілді. «Хабар» Агенттігі» АҚ басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тағайындаған «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Төс белгіні Есіл ауданының әкімі Берік Жәкенов салтанатты түрде табыс етті.  

Ринат Кертаевтың айтуынша, бұл агенттіктің жеткен жетістігі. Әсіресе, пандемия кезінде «Хабар 24» арнасы халықтың ыстық ықыласы мен құрметіне ие болды.

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

– Бұл тек менің жұмысыма, менің еңбегіме берілген баға емес. Бүкіл «Хабар» агенттігі қызметкерлерінің жеңісі, жемісі деп білемін. Осы медальдің былтыр коронавирус пандемиясы өршіп тұрған кезде Президент бастамасымен тағайындалғанын білеміз. Соның ішінде біздің журналистер, әсіресе, «Хабар24» арнасының журналистері былтыр бір жылдың ішінде 400-ге жуық тікелей эфирге қосылым жасады. Аслан Қаженов, Марк Брюшко деген әріптестеріміз 45 күн бойы блокбекеттерден күн-түн демей, тікелей эфирде қызмет еткен болатын. Одан бөлек ютуб арнасындағы «Хабар24» арнасының жаңалықтары көрсетілімнің өзі 9 миллион сағатқа жетті.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева бірқатар сала үздіктерін марапаттады. Олардың қатарында әріптесіміз, «Хабар 24» арнасының аймақтық тілшілер қосынының бас редакторы Бағдат Бектұрғанқызы ақпарат саласының үздігі атанды.

Бағдат Бектұрғанқызы, «Хабар 24» арнасы аймақтық тілшілер қосынының бас редакторы:

– Мен жалпы тележурналистикаға аяқ басқаныма биыл 20 жыл. Осы еңбек жолнда қаншама ақпаратты сүзгіден өткізіп, қаншамасын тексердім. Ал бүгінгі марапат менің өзіме ғана берілген марапат деп есептемеймін. Бізбен бірге жұмыс жасаған операторлар, монтажерлар. Тікелей қосылымға атсалысатын қаншама техникалық қызметкерлер бар. Одан бөлек, қазір мен жетекшілік ететін аймақтар бөлімінде еліміздің 16 қаласында 50-ден астам тілші бар екен. Сол тілшілер қосындардың өзінде 8-10 қызметкерден еңбек етеді. Солардың барлығы өлшеусіз атқарып жүрген еңбегіне берілге баға деп есептеймін.