Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Павлодарда жаңа оқу құралы жарыққа шықты

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Павлодарда жаңа оқу құралы жарыққа шықты

Ертіс өңірінің мектепке дейінгі білім беру мекемелері ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай арнайы оқу құралын басып шығарды.

Тәрбиешілер қауымы «Зияткерлік қор» шарасы аясында дидактикалық материалдар жинағын әзірледі. 5-7 жас аралығындағы балаларға арналған құралда «Қазақстан қалалары», «Ұлттық аспаптар», «Ұлттық киім», «Ұлттық ойындар» тақырыбында мол мағлұмат жинақталған. Мақсат – жеткіншектерді ата-баба мұрасы негізінде отансүйгіштікке баулу. Әзірге оқу құралы 100 данамен шығарылып, балалар үйінің шәкірттеріне сыйға тартылды. Материалдар жинағы алдағы уақытта өзге де білім беру ошақтарына таратылмақ.

Бақыт Исабекова, балабақша жетекшісі:

– Дайындық жұмыстары 30 күн бойы жүргізілді. Тәрбиешілер мен балаларымыз жобаны жүзеге асыруға үлестерін қосты. Нәтижесінде көпфункционалды әрі бірегей материалдар жинақталды. Мәселен, «Мен – Отанымның патриотымын» құралы балаларды елімізді сүюге, мәдениетімізді құрметтеуге баулиды.