Қызылорда облысында бірқатар өндірістік нысандар іске қосылды

Қызылорда облысында жаңа жыл қарсаңында бірқатар әлеуметтік, өндірістік және кәсіпкерлік нысаны іске қосылды. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш аудандарына жұмыс сапарымен барып, салтанатты шаралардың куәсі болды.

Облыс әкімі Арал ауданына жұмыс сапары барысында кварц құмын байыту комбинатының бірінші кезеңін іске қосу рәсіміне қатысты. Жаңа өндірістің жылдық қуатылығы 120 мың тонна. Дайын өнімнің 30 проценті ішкі нарыққа, қалғаны экспортқа шығады. Әзірге 70 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі:

– Облыста жаңа шыны зауытының пеші іске қосылды. Шыны зауытына осы зауыттың өнімі өте қажет. Ол үнемді болады, бір жағынан өзіміздің облыста, екінші жағынан жақын жерде, әрине, экспортқа да бұл өнім өте қажет.

Аймақ басшысының сапары Қазалы ауданында жалғасып, Әйтеке би кентінде Жалаңтөс батырдың 445 жылдығына орай бой көтерген ескерткішті ашты. Салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері, батырдың ұрпақтары қатысты. Баһадүр мүсіні қоладан құйылған. Биіктігі 12 метр. Авторы – Аманкелді Кененбаев.

Аманкелді Кененбаев, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі:

– Самарқандтық билеушісі, әміршісі болды. Қаншама қолбасшы болды, соның бәрін жинақтап, образ жасадық. Ұлттық нақыштарын сақтай отырып, адал екендігін, таза екендігін өзінің алған жолының түзу екендігін көрсетуге тырысып, сондай образға келтірдік.

Гүлшара Әбдіқалықова өңірдің солтүстік аудандарына сапары барысында аз қамтылған көпбалалы отбасыларға жаңадан салынған 81 пәтердің кілтін тапсырды. Сондай-ақ бірқатар әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандардың жұмысымен танысты.

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

 

Сондай-ақ...