Солтүстік Қазақстан облысында жарты айда 731 адамға ковид жұққан

Алматы облысында «Ashyq» жобасына қатыспайтын кәсіпкерлік нысандарға жаңажылдық мерекелік шараларды өткізуге тыйым салынды. Өңір «жасыл аймақта». Ал «сары аймақтағы» Солтүстік Қазақстан облысында эпидемиологиялық жағдай біртіндеп тұрақталып келеді. Дегенмен, соңғы екі аптада Қызылжар өңірінде 731 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Осы ретте дәрігерлер адам көп жиналатын жерлерге бармауға кеңес беріп жатыр.

Алматы облысында «Ashyq» жобасына қатыспайтын кәсіпкерлік нысандарының барлығына салтанатты, еске алу, отбасылық және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізуге қатаң тыйым салынды. Мектеп, колледждер мен жоғары оқу орындарында, балабақшалар мен жатақханаларда да жаңа жылды мерекелеуге байланысты жалпы бұқаралық іс-шара өтпейді. Мектептердегі мерекелік шараларды «бір сынып – бір кабинет» қағидатын сақтай отырып ұйымдастыруға болады. Корпоратив кештерін өткізу үшін мейрамханалар мен дәмханалар міндетті түрде «Ashyq» жобасының қатысушысы болуы керек және олар 50 проценттік толымдылықпен ғана мейман қабылдай алады. Мұндай көңіл көтеру орындарындағы шараларға «жасыл» мәртебесі бар қонақтар ғана кіре алады. Cанитарлық талаптардың сақталуын мониторингтік топ өкілдері қатаң қадағалайды. 

Әлия Шағиахмет, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы:

- Қоғамдық көліктің жүрісіне немесе жаңағы театр, музей дейміз, ондай шектеулер қойылмаған. Өздерінің кезекті режимінде қоғамдық көлік таңғы сағат 8-ден кешкі 20:00-ге дейін істесе, солай істей береді. Ал қазір Алматы облысы бір айдан асты жасыл аймақта тұр. Сондықтан ондай шектеулер жоқ. Әлеуметтік нысандар да қалыпты жағдайда өз жұмысын жасай береді. Оларға да шектеу жоқ. Шектеу тек қана сол міндетті түрде «Ashyq»  жобасының қатысушысы болуы керек.

Солтүстік Қазақстан облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді. Өңір «сары аймақта». Соңғы екі аптада 731 адам коронавирус індетіне шалдыққан.

«Бұл оның алдындағы апталарға қарағанда 27 процентке аз», - дейді мамандар. Дегенмен, босаңсуға болмайды. Санитар дәрігерлер әлі де адам көп жиналатын жерлерге бармауға, сонымен қатар екпе мерзімі аяқталған адамдарға қайтадан вакцина салдыртуға кеңес береді.

Арман Күшбасов, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

 - Жаңа жыл отбасылық мейрам. Сондықтан солтүстікқазақстандықтарға оны үйде атап өтуге шақырамыз. Жалпы мерекелік шараларға рұқсат берілген. Бірақ қонақ саны 70 адамнан аспауы керек. Сонымен қатар «Ashyq» жүйесі болуы тиіс.

Екпе алу орындары мереке күндері де жұмыс істейді. Естеріңізге сала кетейік, Солтүстік Қазақстан облысында былтыр жаңа жылдан кейін науқастар саны күрт өсіп кеткен еді.

Ардақ Айбарұлы, Айдарбек Балғабек, Жеңіс Әбдірешев, Айгүл Ғазизуллина