Алматы облысында тоналған сауда үйлері жұмыс істей бастады  

Алматы облысындағы тоналған сауда үйлері ішінара ашылып, жұмысқа кірісті, деп хабарлайды Хабар 24.

Қарақшылар негізінен ондағы зергерлік бұйымдар мен ұялы телефон және смартфондарды қолды қылған. Талдықорғандағы бүлікшілер шабуылдаған тұрмыстық техника дүкендері әлі жабық тұр. Тонаушылар келтірген шығын әлі есептеліп жатыр. Алматы облысы бойынша бүлік салдарынан 120 бизнес субъектісіне 8 жарым миллиард теңге көлемінде шығын келтірілген. Облыстық кәсіпкерлер палатасы тарапынан бизнес қауымдастық өкілдеріне кеңес беріліп, құқықтық көмек көрсетіліп жатыр. Өйткені өңірдегі көптеген орта және шағын кәсіпкерлік нысандарының қожайындары тауарларымен қоса есептегіш құрылғылары мен құжаттарынан да айырылып қалған.

Ләззат Шыңғысбаева, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Біраз ірі бизнес бар. Оларға жеңілірек. Өйткені олардың енді системалары бәрі онлайн. 1С бухгалтериясы бар, страховкалары да бар кейбіреулерінде. Енді қиналып тұрғаны қазір орта және шағын бизнес. Солардың енді біраз құжаттары, біраз бухгалтериялары өздерінің келісімшарттары да бар жанып кеткен, жоғалып кеткен. Соның бәрін қазір реттеп, іздестіріп, көшірмесі болса да сондай пакеттерді формировать етіп жатырмыз.