Маңғыстау облысында мал жемі арзан бағамен сатылып жатыр

Маңғыстау облысында мал жемі арзан бағамен сатылып жатыр. Айталық, Шетпе ауылында бір қап жем 1,5 мың теңгеден сатылуда. Жалпы жергілікті нарықта оның құны 2 мың теңгеден басталады. Бұл ретте шаруаларға жер байлығын пайдаланушы компанияның қол ұшын созғанын айта кету керек. Кәсіпкерлер әкеліп сатқан жемнің үстеме ақшасын төлеп беріп отыр.

Фермер Мырза-Аян Еңсегенов мал азығын үнемі қыстық қордан алып тұратынын айтады. Бүгін 30 түк және 2 орама шөп сатып алды. Жемнің арзан екенін естіп, бірден 22 қап сұраған.

Мырза-Аян Еңсегенов, ауыл тұрғыны:

- Ақшамызға табылып тұр. Осы жерде жем де бар, шөп те бар. Түктің біреуін 1,5-нан. Рулонның біреуі 18 мыңнан. 1500-ден жем алдым.

Қолжетімді бағадағы жем сатылымда барын естіген шетпеліктер кезек сайлап әлек. Бір айтары, арзан мал азығы тек тіркелген мал басына беріледі. Қаңтар басынан бері 24 мыңдай қап 12 ауылға таратылған. Төрт түлігін түгел тіркеткен шаруаларға ақпан айында да сатыла береді.

Гүлсара Кенжебаева, ауыл тұрғыны:

- Осындай көмекті арасында алып жатырмыз. Өткенде шөптер келді содан алдық. Енді міне қазір жемімді алып тұрмын. Өте үлкен көмек біздерге.

Тілек Көшмағанбетов, Маңғыстау ауданының әкімі:

- Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 0,1 процентпен несие алған 3 операторымыз жем алуға осы ауданға бекітілді. 7 оператор шөп әкелуге бекітілді. Шөптер әкелінді, жемдер де әкелініп жатыр. Одан бөлек Шетпе басында 7 кәсіпкер тұрақты жем әкелумен айналысады.

Маңғыстаудағы төрт түліктің 44 проценті Маңғыстау ауданында тіркелген. Елді мекендегі 6 базада шөп қоры бар. Шетпенің өзінде 3 мың түк шөп пен 1 мың орама шөп сақталған. Қалған базалар Сай-Өтес, Жыңғылды, Үштаған ауылы мен Мәстек жерінде. Ал жем басқа аймақтардан үзіліссіз тасылып жатыр. 

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев