Елімізде мүгедектерді қолдау шаралары жалғасады

Бүгінде елде мүмкіндігі шектеулі 700 мыңға жуық адам тұрады. Өкінішке қарай, жыл сайын бұл тізім 50 мың адаммен толығып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сенат қабырғасында өткен жиын кезінде Жоғары палата төрағасы осылай деді. Мәулен Әшімбаев, әсіресе балалар арасындағы көрсеткіштің ерекше алаңдататынын тілге тиек етті. Бұл ретте денсаулық сақтауды және аурудың алдын алуды дамыту қажеттігін айтты. Ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін медициналық қызметтерді барынша қолжетімді ете түсу керектігіне де зер салды. Бұл мәселелерді шешу үшін сенаторлар былтыр мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған заң жобасына бастамашылық етті. Бүгінде арнайы құрылған жұмыс тобы 500-ден астам ұсыныс әзірлеген. Мәселен, мүгедектігі бар баламен еріп жүретін адам үшін  жолдама құнының 70 пайызын өтеу ұсынылып отыр. Бұл шара оңалту шараларының қолжетімділігін қамтамасыз етіп, жыл сайын 13 мыңнан астам адамды қосымша қамтуға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, 3 топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін жеке нотариустардан нотариаттық қызметтерді тегін алуға жағдай жасау ұсынылып отыр.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев мүгедектігі бара адамдарды қорғауға үнемі баса мән беріп келеді. Ұлттық заңнаманы жетілдіру ісі де Президентіміздің тапсырмасы бойынша қолға алынды. Бұл құжат мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша жүйелі қорғауға арналған. Сонымен қатар денсаулық сақтау, арнаулы әлеуметтік қызметтер, білім беру салалардың жұмысын және мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар нормалар да осы заң жобасына кіргізілді.