Ақтауда теңіз жағажайында итбалық мүсіні пайда болды

Ақтаудағы 15 шағын аудан жағажайында итбалыққа мүсін орнатылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биіктігі 2,3 метрлік архитектуралық нысан демеуші қаржысына жасалған. Салмағы 300 келіден асатын ескерткіш – шығармашылық ұжымның еңбегі. Жоба авторлары мүсінді қоғамдық орынға қоюдың өз мәні бар екенін айтады. Бұл теңіз жануарын аяусыз қырып-жоюға қарсылық ретінде көзқарастарын білдірсе керек. Каспий итбалығы жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр. ХХ ғасырда олардың саны 1 миллионға жуықтаған. Қазір кей басылымдар 100 мыңға жетер-жетпес итбалық қалғанын жариялап жүр. Теңіз сүтқоректісі 2020 жылы 13 қарашада Үкімет қаулысымен Қазақстанның Қызыл кітабына енді.