Мектеп оқушылары қандай тамақ ішіп жүр?

Мектептегі балаңыз не істеп жүр? Қандай тамақ ішіп жүр? Мұны мобильдік қосымша арқылы білуге болады. Шымкент Білім басқармасының басшысы осылай дейді. Бұл цифрлық жүйе қалада алдағы 10 күннің ішінде қолданыла бастамақ. Қазір Шымкенттегі бастауыш сынып оқушыларына бір мезгіл тегін ыстық тамақ ішеді. 5 пен 11-сынып аралығындағы жағдайы төмен отбасы балаларына да қамқорлық бар. 

Балалардың ыстық тамақпен қамтылуы үшін алдын-ала жоспар түзіліп, түрлі ас мәзірі бекітілген. Ас ауқаттан бөлек шәйі мен сусыны, наны мен жеміс-жидегі қоса беріледі. Әр баланың бір реттік тамағы үшін бюджет есебінен - 485 теңге қаралған.

Фатима Бейсебаева, аспаз:

– СЭС және Денсаулық сақтау басқармасымен арнайы бекітілген екі апталық ас мәзірі бойынша дайындаймыз. Ол мәзір күнделікті қаралып, тексеріліп отырады. Осы жерде әлеуметтанушы бар, оқу ісінің меңгерушілері бар, тәрбие ісінің меңгерушілері – бәрі келіп қадағалап отырады.

Бұрынғыдан екі есе көп баланы ыстық тамақпен толық қамту үшін білім ұяларын ауқымды жұмыс күтіп тұрған еді. Асхананы кеңейтіп, маман санын көбейту керек болды. Енді оқушылар 3 түрлі асты таңдап, бір дастарханда дәм татады.

Дана Дәрмен, №20 мектеп-гимназиясының директоры:

– Мыңнан аса бала тамақтанатын болғандықтан, біз, әрине, қосымша өтініш жасадық. Жалға алушы қосымша ыдыс-аяқ, үстел, орындықтар алды. Қазіргі таңда ұйымдастыру жағы жақсы жүргізілгендіктен балалардың барлығы түгел ыстық тамақпен қамтылды.

Осылайша Шымкенттің 172 мыңнан астам оқушыға екі күннен бері ыстық тамақ беріліп жатыр. Оның 103 мыңнан көбі бастауыш сыныпта оқиды. Оқушылар ас мәзірі мен қоса берілетін құнарлы тағамына дән риза.

Көркем Күнияз, 4-сынып оқушысы:

– Барлығымызға жақсы болды. Сыныптағылардың барлығы қуанды. Біз әр уақытта келіп тамақтана аламыз. Апайлары да жақсы. Тамақтары да өте дәмді. Бізге ұнайды.

Бұл игі бастамаға ата-аналар да қуанды. Өйткені ұл-қыздары қатарынан қалмай көппен бірге ыстық тамақ ішетін болды. Ол үшін оқу жылына жергілікті бюджеттен 8 миллиард 327 миллион теңге бөлінді.

Жанат Тәжиева, қалалық білім басқармасының басшысы:

– Бала саны өте ауқымды. Қазір осыған байланысты бірінші кезекте балаларды рет-ретімен, кезең-кезеңімен кіргізу бізге негізгі мақсат болды. Балалардың ыстық тамағының құны статистикалық есептер бойынша бөлінген азық-түліктердің бағаларының есебінен ас мәзірі дайындалып, соның есебінен жасақталып отыр. Сондықтан бұл арнайы нормативтердің негізінде белгілерген баға болып табылады.

Білім басқармасының басшысы алдағы 10 күннің ішінде цифрлық жүйенің игілігін ел көреді, - дейді. Яғни, арнайы мобильдік қосымша арқылы балаңыздың тамағын қадағалап, қайда, немен айналысып отырғанын бақылауға мүмкіндік жасалатынын айтады.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов