Жабайы үйректер Ертісті қыстап қалды

Әдетте қазан-қараша айларында жылы жаққа ұшатын жабайы үйректер биыл Ертісті қыстап қалды. Қаңтардың аязында өзенде жүзіп жүрген қанаттыларға жергілікті халықтың көзі үйренген. Жыл құстарының солтүстікте тұрақтап қалуына өзеннің жылы ағысы себеп болуы мүмкін екен. Биыл қыс та жылдағыдан жайлы, жылы болып тұр.

Қыс мезгілінің жартысы артта қалды. Бірақ Ертістің суы әлі толық қатпады. Бүгінгі таңда өзен арқылы арғы бетке өтетін екі өткел ғана ашық. Виталий Теревань күн сайын түс мезгілінде келіп өзенге шомылады. Мұздай суға түсуді әдетке айналдырған тәжірибелі морж алғашында үйректердің жылы жаққа ұшпай қалғанын көріп, қайран қалған.

Виталий Теревань, Павлодар қаласының тұрғыны:

- Бұл құстар жылы жаққа ұшуға ерінетін сияқты. Өзенде су жылы, балық көп. Үйректердің суыққа әбден бейімделіп алғаны байқалады. Жағада ұйықтап алады да қайтадан суға түседі. Адамдардан қорықпайды. Мен оларды күнде көремін.

Бұл жерде үйректің бірнеше түрі бар. Орнитологтар жыл құстарының солтүстікте қалуына ауа райы әсер еткенін айтады. 

Сергей Скляренко, орнитолог:

- Бұл қалыпты жағдай. Сондықтан құстарды құтқарамыз деп әуреге түсудің қажеті жоқ. Егер үйректер күннің күрт суытатынын сезсе өздеріне қолайлы жаққа қоныс аударады. Негізі олар өте алысқа ұша қоймайды.

Ертісті қыстап қалған барылдауық жабайы үйректер мен үлкен бейнеарықтар екен. Олар әдетте Орта Азия мен Қазақстанның шығысын қыстайды. Жаһандық жылыну салдарынан қыс мезгілінде қатпайтын су қоймаларының саны артқан. Құстар қоректі өздері табады.

Орнитологтың айтуынша, қыс мезгілінде жем шашып тұрған артық болмас еді.

Евгений Бормутин, Павлодар қаласының тұрғыны:

- Үйректер жүзіп жүр. Жуырда мен құзғындарды көрдім. Қыста құстардың өзен жағасында отырғанын, балық аулап жүргенін көру керемет қой. Биыл Ертіс өзені қатпады. Судың ағысы өте қатты. Бұл біз үшін тосын жағдай және ерекше құбылыс.

Синоптиктер өңірге қатты аяздардың ақпан айында келетінін болжап отыр. Солтүстік өңірлерде ауа температурасы -40 градусқа дейін төмендейді. Одан кейін күн күрт жылынады. Ар жағында көктем де алыс емес. 

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат