ШҚО-да ескі үйдің тұрғындары үрейленіп отыр

Шығыстағы Риддер қаласында кейбір көпқабатты үйлер құлайын деп тұр. Бұл баспаналардың салынғанына кем дегенде 60-70 жыл болған, деп хабарлайды Хабар 24.

Қазір ол үйлерді қарт адамдар мен тұрмысы төмен отбасылар паналап отыр. Олардың тұрғын үй бағдарламасына қатысып, үй-жайын жақсартуға шамасы келмейді. Қала әкімдігі бұл проблеманы біледі. Бірақ ескі үйдің жұртын баспанамен қамтуға мүмкіндік жоқ дегенді алға тартып отыр.

Олжас Керейхан, тілші:

– Бұл үйлер Риддер қаласы ең алғаш қалыптасқан кезде кеншілерге уақытша тұрақ ретінде салынған. Бірақ кейіннен тұрақты баспанаға айналды. Көбісі ағаштан тұрғызылғандықтан қазір қабырғасы қақырап, іргесі сөгіліп жатыр. Бірқатары осыдан 40-50 жыл бұрын апатты деп танылса да, тұрғындар әлі тұрып жатыр.

Ескі үйлердің көбі қаланың қақ ортасында тұр. Қазір көпқабатты 4 үйде ешкім тұрмайды. Есік-терезесі жұлынған баспаналарда ие де, кие де жоқ. Тұрғындардың айтуынша, қала бойынша алқам-салқамы шыққан 70-тен аса үй бар.

Динара Мұхаммеджанова, Риддер қаласының тұрғыны:

– Жылу өте нашар. Жазда ыстық су мүлде болмайды. Ал қыста әр үйге бөлек жылыту қондырғы арқылы беріледі. Тұрғындар жөндеу жұмысына жыл сайын аз дегенде 200-300 мың теңге жұмсайды. Негізінен зейнеткерлер тұрады.

Әр үйдің тұрғындары жыл сайын қаржы жинап өздері жамап- жасқаумен келеді. Бірнеше жыл бұрын ескі үйдегі тұрғындарды көшіру туралы айтылған. Бірақ соңы сиырқұймұшақтанып кетті, дейді.

Нарзия Зейнелова, зейнеткер:

– Әкімдік әзірге ештеңе айтпайды. Ескі үйдің тұрғындарымен ешкім сөйлескісі келмейді. Бұл үйлердің көбі апатты деп танылған. Тек өзіміз күтіп, жыл сайын жөндегендіктен шыдап тұр. Ескі. Өте ескі.

Ескі қаладағы ескі үйлердің үрей тудырып тұрғанын қаладағы атқамінерлер де жақсы біледі. Бірақ жаңадан салынып жатқан баспаналардан бәріне бірдей пәтер жетпейтінін кесіп айтты.

Мұрат Байжүменов, Риддер қаласы әкімінің орынбасары:

– Жалпы 1542 адам кезекте тұр. Соның ішінде 14 адам апаттық тұрғын үйдің тұрғындары. Кезек келгеннен кейін мәселелер шешіледі.

Қалада соңғы бес жылда көпқабатты екі үй ғана салынған. Бұл екі баспанадан пәтерлер әуелі бұрыннан үй кезегінде тұрғандарға, одан соң арнайы мемлекеттік бағдарлама бойынша жолдамамен көшіп келгендерге берілген. Ал құрылысы құлағалы тұрған үйдің тұрғындарына күтуден басқа амал жоқ.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин