Темір жол бойындағы тұрғындар жаңа көпірдің игілігін қашан көреді

Темір жол бойындағы тұрғындар жаңа көпірдің игілігін қашан көреді

Алматы облысындағы бұрынғы Шамалған станциясы, қазіргі Жібек жолы ауылында салынған көпірден санаулы адам ғана өтеді. Теміржолды бұрынғыдай кесіп өтуді әдетке айналдырған тұрғындардың айтуынша көпірге көтерілу ыңғайсыз көрінеді. Оның құрылысына жергілікті бюджеттен 365 млн теңге бөлініп, былтыр пайдалануға берілген еді. Бірақ одан өткелдегі қауіпсіздік жағдайы өзгермей тұр. 

Естеріңізге сала кетсек, 2019 жылы қыркүйек айында Жібек жолы ауылының тұсындағы өткелде поезд бен автобус соқтығысты. Салдарынан бір адам қайтыс болып, үш адам жарақат алды. Содан кейін тұрғындардың қауіпсіздігі үшін сол жерге ұзындығы 61, биіктігі 9 метрлік көпір салынған.

Мұндағы жағдайды бір сағаттан астам уақыт бақылағанымызда көпірге небәрі оншақты адамның көтерілгенін көрдік. Ал бекеттен поездар жиі жүреді. Жолдан өту өте қауіпті. Бірақ тұрғындар қауіпсіздік пен жол жүру ережелерін әрдайым ескере бермейді.

«Көпірде мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарт адамдарға арналған жеделсаты да бар. Бірақ қазір лифт істемейді. Есіктері жабық тұр. «Алғашында істеген. Дегенмен, тұрғындардың өзі дұрыс қолданбай, ішін қоқысқа толтырғандықтан тоқтатуға тура келді. Егер қажеттілік болса есігін ашуға дайынбыз. Бірақ, оның кілті тек мүгедектерге ғана беріледі»,– дейді ауыл әкімінің орынбасары.

Алмас Жанбауов, Жібек жолы ауылдық округі әкімінің орынбасары:

– Лифтіге зәру адамдар бізге әкімдікке келіп өтініштерін білдірсе болды. «Мүгедек жанмын, лифтімен өтемін» деген арыз-шағым түсірсе, өтінішін білдірсе, біз ол кісіге магнит жасап, қолына тапсырамыз. Кез келген уақытта өзі кіріп өте берсе болады.

Темір жол өткелінен күніне 5 мыңнан астам адам өтеді. Жолдың арғы бетіндегі мектепке барып оқитын оқушыларда көп. Олардың қауіпсіздігін қадағалау қажет-ақ. Ара-тұра тәртіп сақшылары келіп, тұрғындарға жолда жүру ережелерін ескертіп, айыппұл салады. Дегенмен, бұл әрекетте көпірден өтушілердің санын арттыра қоймаған.

Нұрлан Қожабаев, ауыл тұрғыны:

– Қолымда балам бар ғой, ана жерден қалай өтемін. Сол өзімнің баламның қауіпсіздігі үшін өтіп жатырмын мына жерден.

Ауылдың орталығы көлік кептелісінен көз ашпай келеді. Екі жыл бұрынғы көлік апаты да осы кептеліс кесірінен болды. Төтенше жағдайдан кейін ұзындығы 6 шақырым жол айрық құрылысы басталғанда кептелісте сағаттап тұратын жүргізушілер қуанған. Алайда...

Әуелде қарқынды басталған жол айрық құрылысы қазір тоқтап тұр. Нысанда бір де бір құрылысшы жоқ. Жұмыстың қашан басталатыны да белгісіз. Жол жөнделіп кеңейтілмегендіктен көлік кептелісі де жиі болады.

Жол айрықтың құрылысына «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жауапты. Құрылыстың не себепті тоқтап тұрғанын компания өкілдері былай түсіндірді.

Нұржан Таңатаров, «Қазавтожол» АҚ ҰҚ Алматы қалалық филиалы директорының орынбасары 

– Бүгінгі күні құрылыс алаңында жұмыс қарқыны негізгі автомобиль жолымен құрылыс аймағына жататын жер учаскелер ұзақ уақытта сатып алуына, жобадағы карьерлердің, топырақ материалдың болмауы және олардың жеке меншікте болуына байланысты. Және орман қоры жерлерін автокөлік жерлеріне ауыстырумен шектелді. Соның салдарынан құрылыс жүргізу жұмыстарын орындау және аяқтау мерзімі 2022 жылдың қазан айына дейін ұзартылды.

Ұзын-сонар кептелістен шаршаған Жібек жолы ауылының тұрғындары жауапты мекеме уәдесінде тұрады деген үмітте.

А. Садуақас, Н. Жақсыбаев