Қошқар ата көліндегі улы қалдықтар залалсыздандырылады

Қошқар Ата көліндегі улы қалдықтарды залалсыздандыру жұмыстары қайта жанданады. 150 га аумаққа 400 мың сексеуіл отырғызылмақ. Осыған дейін Маңғыстаудың экологиялық мәселесі арнамыздан бірнеше мәрте көрсетілген еді. 51 миллион тонна радиоактивті қалдығы бар қойма айналасындағы елді мекендерге қауіп төндіріп тұрған болатын. Соңғы уақытта көлдегі су құрғап, салдарынан химиялық элементтер желмен қоршаған ортаға, жақын маңайдағы төңірекке таралып жатыр. Мұны тоқтатудың бір жолы қалдықтарды көму. 

«Қошқар ата» көлі Маңғыстаудың басты экологиялық мәселесі. 30 жылдан бері айтылып, соңғы уақытта күн тәртібінен түскен жоқ. Халық та, қоғам белсенділері де түрлі деңгейде көтеріп келеді. Мұнда Кеңес кезеңінде 3 зауыттан шыққан 105 млн тоннаға жуық уытты қалдық төгілген. Оның 52 миллионы радиоактивті қалдықтар. Әрі улы аумақ Ақтау қаласынан 3 шақырым қашықтықта орналасса, 3 бірдей елді мекенге тиіп тұр.

БЛИЦ

- Сасық, барлық жер қоқым, мусор. Қарайған жалоба жазып жатырмыз акиматқа да, қалаға да барып жазып жатырмыз, ешқандай көмек жоқ.

- Асқазаннан көп адам ауырады, радиация болған жерде денсаулыққа зиян болады, жауып тастаса халыққа жақсы.

- Көбіне ол жаққа мал жаяды, барма дейді үйде ата-анамыз айтады.

- Жапқаны дұрыс химиялық көл болғасын.

Жыл өткен сайын қойманың суы азайып келеді. Радиоактивті қалдықтар жер бетіне шығып жатыр. Сондықтан рекультивация жұмыстарын тез арада қайта жалғастыру керек дейді экологтар. 

Әйгерім Ашықбаева, тілші:

- Былтыр қалдық көлді залалсыздандыру жұмыстары басталып, тоқтап қалған еді. 100 га аумаққа 300 мың текше метр топырақ көмілген. Әрі қарай жоспар 240 мың сексеуіл отырғызу болатын. Алайда қаржы бөлінбегендіктен жұмыстарын мердігер бітірмеген. Бұған себеп жобаның тиімділігін анықтау мақсатында радиоэкологиялық сараптама жасалған.

Сараптама нәтижесінде залалсыздандыру жұмыстары қайта жалғасатын болды. Осы мақсатта биыл бюджеттен 3 млрд теңге бөлінген.

Дүйсен Құспеков, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

- Биылғы бөлінген теңгеге 790 га жерге топырақ төселеді деп жоспарлап отырмыз. Ғалымдардың пайымдауынша, қалдық қойма маңайына жасыл екпелер егу. 2015 жылы жасыл екпені эксперимент ретінде 8 га жерге сексеуіл ағашын егіп байқадық. Ағаш нәтижесін бергеннен кейін бұл жұмысты әрі қарай жалғастырдық. 88 га жерге егілген болса, былтыр бюджеттен ақша бөлініп, тағы 40 га конкурс жариялап, оны мердігер атқаратын болып, ботаникалық бақ жеңімпаз болып танылып, бастап кетті.

Алдағы уақытта жалпы аумағы 150 га жерге 400 мың сексеуіл отырғызу жоспарланған. Осылайша улы көлдің зиянын азайту көзделген. 

Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев