ШҚО шаруалары үшін марал өсірудің машақаты көп болып тұр

Шығыстың бренді саналатын марал өсіруде шаруаларға кедергілер көп, деп хабарлайды Хабар 24.

Марал өсірушілердің айтуынша, бұл салаға қазір субсидия төленбейді. Осының кесірінен Алтай кербұғысының саны да азайып барады. Бұрынырақта сала Катонқарағай ауданында қанат жайса, енді Риддер қаласының төңірегіндегі кәсіпкерлер де бұл кәсіпті дамытуды қолға алған. Бірақ жайылым жердің жоқтығынан көрші елден сатып алған маралдарды елге әлі әкеле алмай отыр.

Туризм мен ауыл шаруашлығын қатар қолға алған – Владимир Климов соңғы жылдары жан-жануардың бірнеше түрін өсіруді бастаған. Қазір оның қорасында қодастан бастап есектің қодығына дейін бар. Мына ақбас үш қодасты Алтай өлкесінен әкелген. Ал түйені Жетісудан жеткізген. Алыс-жақыннан туристер Алтайдың тылсым табиғатын тамашалап, осы аңдарды көруге асығады.

Кәсіпкер енді марал шаруашлығын дамыту үшін жоба жасаған. Қазір қолда бір бұқа мен 5 бас аналық тұр. Былтыр алғаш рет төлдеді.

Олжас Керейхан, тілші:

– Бұл маралдар бірнеше жыл бұрын Ресейдің Алтай өлкесінен әкелген. Қазір осы Қазақстанға жерсіндіріліп, тіпті осылай қолдан тамақтандыруға болады.

Риддер – таулы аймақ. Сондықтан маралға өте қолайлы. Үш жыл бұрын Ресейден 400 бас аналық марал алуға келісім жасап, жартылай қаржысын да төлеп қойған. Алайда жайылымдық жер мәселесін шеше алмай жүргеніне 10 жыл болды.

Владимир Климов, кәсіпкер:

– Барлық әкімдер иә, иә жер береміз дейді. Сізге көмектесеміз дейді.Нақты іске келгенде нәтиже жоқ. Марал өсіретін қоршау-сатыларымызды орната алмай отырмыз. Осының кесірінен дайын инвесторлар да келмей қалды.

Риддер қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы кәсіпкерге былтыр 500 гектар жер берілді – деп отыр. Ол аз ба, көп пе оны айта алмады. 

Анна Сайбель, Риддер қаласы жер қатынастары  және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Былтыр марал өсіру үшін 12 жер учаскесі бөлінді. Ол шамамен 500 гектардай болады. Кәсіпкермен сол бойынша жобалар бектіліп, арнайы шарттар жасалған.Одан басқа шағым түскен жоқ.

Төрт жүз маралға 3900 гектар жер қажет. Егер осы көлемдегі жер берілсе, сол аумақты қоршап, осы салаға біржолаға бет бұрмақ.

Төрт түлікке қарағанда маралды бағып-қағуда ерекше жауапкершілік керек. Сондықтан маралшылар жыл он екі ай аттан түспейді. Үш жыл бұрын әр маралға мемлекттен 40 мың теңгеден субсидия берілсе, соңғы екі жылда  демеу қаржы мүлде төленбейді.

Нұрлан Тоқтаров, республикалық марал шаруашылығы палатасының басқарма төрағасы:

– Үкіметтің қолдауы болмағаннан кейін қазір маралдың басы жылдан-жылға азайып, елдің бәрі тастап кетіп жатыр. Жалпы біздің аймақтың даму бағдарламасын істесе, соның ішіне кіргізу керек.

Аймақты дамытудың кешенді  бағдарламасына әр сала енген. Тек марал шаруашлығы жоқ. Бұрын бұл салаға субсидия республикалық бюджеттен берілсе, 2020 жылдан бастап облыстық бюджетке  ауыстырылған. Алайда  өзгеріс енген ережеде облыс қазынасында қосымша қаржы қарастырлыса, деп қана көрсетілген. Нақты міндет жоқ. Сондықтан марал өсірудің машақаты көп болып тұр.

Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин