«Халық» қоры «Қазақстан халқына» қорына 10 млрд теңге аударды

Қаржы қордың құрылтайшылары Динара және Тимур Құлыбаевтардың жарнасы есебінен бағытталды, деп хабарлайды Хабар 24.

Олар қаңтар айының басында да Президент үндеуіне үн қосып, қор мен Халық банкі арқылы 5 миллиард теңге аударған. Қор халыққа жүйелі түрде көмек көрсетіп келеді. Мәселен, пандемия кезінде қордың еріктілері азық-түлік салынған 100 мыңнан аса себет таратты. Ал вирус өршіген тұста «Халық» медициналық құрал-жабдықтар мен қымбат дәрілерді сатып алуға қаржы бөлді. Медицина қызметкерлеріне көмек берді. Локдаунда ақ халаттылар өтемақы алды. Тек соңғы екі жылда «Халық» қоры 18 миллиард теңгені қайырымдылыққа жұмсаған. Нәтижесінде әлеуметтік, білім беру, мәдени және спорттық жобалар жүзеге асты. Қор мұқтаж азаматтарға биыл да жәрдемдеседі. Оның ішінде Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп бірқатар игі іске үлес қоспақ.