Қаңтар оқиғасы: екі мыңнан астам сараптама тағайындалды   

Қаңтар оқиғасына қатысты 2 мыңнан астам сот-медицина, тауарларды тану, баллистикалық, экономикалық сараптама тағайындалды. Бұл туралы Әділет министрлігінің сот сараптамасы орталығы директорының орынбасары Ілияс Исмаилов мәлімдеді.

Жаппай бүлік кезінде қаза тапқандардың өлім себебін анықтау сот сарапшыларына жүктелді. Олар биологиялық, химиялық-токсикологиялық, гистологиялық зерттеулер жүргізеді. Зертханалық зерттеулер 30 тәулікке дейін созылуы мүмкін. Сарапшылар штатын күшейту үшін Алматы қаласына аймақтардан қосымша 26 маман жұмылдырылды.

Ілияс Исмаилов, ҚР Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығы директорының орынбасары:

– Эксгумация туралы шешімді қабылдау – ол сот алдындағы тергеуді жүргізетін органдардың шешімі. Әрине, кейбір жағдайларда тергеуге қажетті мәліметтерді анықтау үшін эксгумацияның қажеттілігі бар. Алайда эксгумация жасау туралы шешімді қабылдау сот сараптама органдарының қызметіне кірмейді. Эксгумация туралы мәселені шешу барысында туған-туыстарының ойы ескеріледі. Бірнеше мәйіттер үшін эксгумация жасалды.