Ақтөбеде педофил 22 жылға сотталды

Ақтөбеде жас балаға зорлық-зомбылық көрсеткен ер адам 22 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ол өзіне тағылған кінәні толық мойындаған. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралған іс бойынша оқиға өткен жылы болған. Қыз баланың үйінде жалғыз қалғанын білген ер адам арам ойын жүзеге асырған көрінеді. Кейін ұсталып қамауға алынса да бір рет қашып кетіп қолға түскен. Әрі сотталушы бұған дейін де ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін істі болып, жазасын өтепті.

Анар Айтжанова, облыстық соттың ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы:

- Сот үкімімен Нуржанов кінәлі деп танылып, оған сот үкімдерінің және қылмыстардың жиынтығымен түпкілікті 22 жылға бас бостандығынан айырып, өмір бойына педагогикалық лауазымдарын атқару және кәмелетке толмаған балалармен өмір бойына жұмыс жасаудан айыру жазасын тағайындады. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.