Алматыдағы хайуанаттар бағына альпака жеткізілді  

Алматы хайуанаттар бағы түйетұқымдас ерекше жануармен толықты. «Шоколад» есімді альпака осыдан екі ай бұрын Ресейдің Краснодар зообағынан жеткізілген.

Айта кетейік, соңғы 20 жылда Алматы хайуанаттар бағында альпака болмаған. «Шоколад» қазірдің өзінде келушілердің көзайымына айналып үлгерді.

Альпаканың түсі ақшыл қоңыр. Осы түсіне қарап, зообақ қызметкерлері «Шоколод» деп атапты. Жасы алтыда. Жануар Ресейдің Краснодар хайуанаттар бағында туған. Алматыға жеткізілген соң бір ай карантинде болды. Содан бері өзінің күтіміне жауапты адамға үйреніп қалды. Зообақ жұмысшысы Айгүлдің даусы шықса, елеңдеп тұрады.

Айгүл Әділқұрманова, хайуанаттар бағының жұмысшысы:

– Басында келгенде жабайырақ болатын. Адамдардан қашатын. Қазір кішкене қолға үйреніп қалды. Маған айтқаннан кейін өзім бағып жатырмын. Жемін береміз. Шөбін береміз.  Көбіне қолдан жейді. Қазір маған үйреніп қалды. Дауыс шықса, басын бұрып қарайды. Бұрын ондай емес еді. Енді бара-бара тіпті де үйренеді деп ойлаймыз.

«Шоколад» көбінесе қолдан алма, сәбіз және нан  жегенді ұнатады. Ал, негізгі азығы кәдімгі  жем-шөп. «Жануар сондай сүйкімді. Жүріс-тұрысы ерекше. Мінез-құлқы да жайлы. Оны арнайы келіп көретін қонақтар көп болады, деп ойлаймыз»,-дейді зообақ қызметкерлері.

Балабек Мақатов, хайуанаттар бағының бөлім меңгерушісі:

– Атын Шоколадка қойғандықтан сол атпен қалды. Енді өзімізде туып жатса, өзіміз қоямыз ғой. Ресейден келгеннен кейін жерсінуі оңай болды. Біз күндізгі уақытта далаға шығарымыз, түнде жылы қораға кіргізіп қоямыз. Біздің ауа райына ақырындап үйретіп жатырмыз.

Айта кетейік, альпака Оңтүстік Американың таулы аймақтарында кеңінен таралған. Денетұрқы түйеден кіші, өркеші болмайды. Оның үстіне түкірмейді. Көбіне үй жануары ретінде қолда бағылады. Жүні өте бағалы. Қой жүнінен 6-7 есе жылы. Орта есеппен алғанда 20-25 жылға дейін өмір сүреді. Хайуанаттар бағының мамандары алдағы уақытта Шоколодтың жанына Ресейден тағы бір аналық бас альпаканы алдыруды жоспарлап отыр. 

Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов