Күріш егетін диқандар құзырлы органдардан бағаны ауыздықтауды сұрады

Биыл тыңайтқыш бағасы 2-3 есе өсті, тіршілік нәрінің де, әр текшесі айтарлықтай қымбаттаған. Су тапшылығы болатынын мамандар қазірдің өзінде болжап отыр. Бұған Сыр диқандары алаңдаулы. Күрішші қауым бағаны, ауыздықтауға құзырлы органдар күш салса деген ұсыныс айтады.

Алданберген Құлбаевтың шаруашылығы жыл сайын 700 гектарға күріш егеді. 100-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Соңғы жылдары суармалы су тапшылығы салдарынан ауыспалы егістігіміз құрдымға кетті. Тек су келетін төмен жерлерге ғана егін егіп отырмыз. Осындай қысылтаяң тұста жығылғанға жұдырық болғандай, суармалы судың әр текше метрі екі есеге дейін қымбаттап отыр,-деп қынжылды диқан.

Алданберген Құлбаев, шаруашылық төрағасы:

- 5 жылдан бері біз төменгі су жарайтын жерлерді егіп-егіп, қазір күріштің дақылын бірінен соң бірі араласып келіп тұратын, жылма-жыл өзгеріп тұратын ротация деген бар, соның бәрін бұзып болдық. Ауыспалы егістіктің бәрі бұзылды. Бұл облыс бойынша бұзылды, жалғыз менде емес. Бұл табиғаттың заңы шығар, ешкімнен көретін ештеңесі жоқ.

Ал мамандар егінге су жеткізіп беру қызметінің қымбаттау себебін былай түсіндірді.

Жорабек Ерназаров, «Қазсушар» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары:

- Құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты, айлық көрсеткішінің өсуіне байланысты, амортизациялық шығындарға байланысты өсіп отқан нәрсе. Су жеткізіп беру қызмет ақысының көтеріліп жатқан негізгі мақсаты сол. Алайда ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына сәйкес, күріш егісіне 50 процент субсидия бөлінеді.

Биыл өңірде тағы да күріш көлемі қысқаруы мүмкін. Мәселен, Сырдария ауданы басты дақылды 777 гектарға азайтуды жоспарлаған. Ал егінді сусыз қалдырмау үшін арнайы «Жол картасы» әзірленген.

Нұрбол Жұмабеков, Сырдария аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Егінге 15 қосымша насосқа сұраныс беріліп отыр. Яғни елді мекендерге суды аяқ сумен қамтамасыз етуге қосымша әкімдік тарапынан 19 насосқа сұраныс беріп отырмыз. Каналдарды тазалау, қашыртқыларды тазалау жұмыстары жүргізілуде. Былтырғы жылғыдай қашыртқылардың суын қайта пайдаланып, жер тегістеу техникаларын енді шаруашылықтарға қолдануды ұсынып, қосымша судың аз болатынын ескертудеміз қазір.

Егіннің бітік шығуы судан бөлек тыңайтқышқа тікелей байланысты. Алайда күрішшілер бұл мақсатқа жұмсайтын шығындараның да биыл еселеп артқанын айтады.

Алданберген Құлбаев, шаруашылық төрағасы:

- Өткен жылы біз бүкіл облыстағы шаруашылықтар бір тонна амафосты Жамбыл қаласындағы біздің өзіміздің ішкі Қазақстанда тұратын Жамбыл қаласында өндіретін амафосты 125 мың теңгеден алдық тоннасын. Биыл 240 мың теңгеден келіп отыр. Корбомит деген тыңайтқыш бар, азот тыңайтқышы. Біз Өзбекстаннан, Ресейдан аламыз. Былтыр 112 мыңнан алдық тоннасын. Биыл 310 мың теңгеден беріп отыр. Ал шетел шет ел дейік, Қазақстанда өндірген тыңайтқышты не себептен екі есе бағаға көтерді?

Тыңайтқыштың өзгерген бағасына қатысты сауалымызды ауыл шаруашылығы минстрлігіне жолдаған едік. Олар бірнеше күннен кейін ғана «бұл сұраққа Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жауапты» деп ысырып салды. Ал уақыт зымырап өтіп жатыр, егін маусымы таяп келеді. «Өзекті мәселе дер кезінде шешімін таппаса, бейнетіміз еш кетіп, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне теріс әсер ету мүмкін» дейді күрішші қауым. 

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов, Нұржан Мұзарапшин