Елорданың кей аудандарында сұйылтылған газ қымбат

Қымбат газды қолданып отырғандар қатарында «Фэмили Таун» тұрғын үй кешені де бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәңгілік ел және Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан ауданның тұрғындары 1-2 бөлмелі пәтері үшін жылуға ай сайын 30-40 мың теңге төлеуге мәжбүр. Бұл мәселеге қатысты орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте энергетика министрі Болат Ақшолақов ұжымдық арыз түскен жағдайда тиісті тексеру жұмыстары жүргізілетінін айтты. Оның сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда елде газдандыру көрсеткіші 60 процентке жуықтап қалды.

Болат Ақшолақов, ҚР энергетика министрі:

– Кейбір аймақтарда осындай жоғары бағамен төлеп жатса, мұны бізге қосымша ақпарат ретінде жіберетін болсаңыз, біз оны анықтаймыз. Негізі 75 теңгеден аспауы керек. Әрине бұның шешімі қандай? Ол табиғи газбен жабдықтау. Сол себепті біз қазір жұмыс жасап жатырмыз. Біздер қосымша газ шығаруымыз керек және қосымша құбыр құрылысын жасау керекпіз. Әрине бұл қосымша қаражат керек. Қысқа мерзімде оны анықтап, дайындап, Үкіметке енгіземіз.