Жыл сайын Қазақстанда 400-ден аса бала қатерлі ісік дертіне шалдығады

Дәрігерлердің айтуынша, олардың 90 проценті емдеу шараларынан кейін қалыпты өмір сүреді, деп хабарлайды «Хабар 24».

15 ақпан – Халықаралық рак дертіне шалдыққан балалар күні ретінде аталып өтеді. Осыған орай Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының дәрігерлері күрделі аурумен күресіп жүрген бүлдіршіндердің көңілін аулап, мереке ұйымдастырды.

«Жақсы көңіл күй – жарты жеңіс», – дейді дәрігерлер. Сондықтан бүгін ақ халаттылар мен волонтерлер, аурумен күресіп жүрген балаларға мереке ұйымдастырып, сыйлық үлестірді. Ем-доммен қатар мұндай шаралардың да пайдасы көп. 10 жастағы Кәусар Жарылқаптың ақ қан ауруымен күресіп келе жатқанына бір жылға жуықтаған. Бастапқыда ол Педиатрия және балалар хирургиясы орталығында ем қабылдапты. Қазір Онкология және радиология ғылыми зерттеу институтының балалар онкологиясы орталығында емделуде. Кәусардың қазір көңіл-күйі жаман емес. Денсаулығы да әлдеқайда жақсарып қалды, – дейді анасы.

Сабина Изембаева, Кәусардың анасы:

Әлсіреді қызым, көктем айы болатын. Қатты әлсіреді. Басында білмедік, мүлдем ойламадық та, ондай нәрсе естімегенбіз. Көрмегенбіз. Ұйықтай беретін. Сосын денесінің бәрі көгеріп кетті. Ауруханаға барып көріндік. Түркістан облысынан Алматыға жіберді. Алғашқы кезде біз осы Алматыда Педиатрия және хирургия бөлімінде балалар ауруханасына сонда жаттық. Сонда 9 ай емделдік. Қазір жақсы Аллаға шүкір. Әуелі Аллаға және дәрігерлерге рақмет.

Қазір балалар арасында лейкоз ауруы, яғни қан айналымының қатерлі ісігі көп кездеседі, – дейді мамандар. Екінші орында мидың ісігі, үшінші орында бүйрек, сүйек, жұмсақ тіндердердің онкологиясы тіркелуде.

Диляра Қайдарова, Қазақ онкология және радиология ҒЗИ АҚ басқарма төрайымы:

– Заманауи құрал-жабдықтардың арқасында біздің орталықта балаларға нақты диагностика жасалып, сәулелі және химиялық емдеу шаралары жасалады. Атап айтқанда, позитронды-эмиссиялық томография, сәулелендіру аппараты әлемде 8 елде ғана бар. Томототерапия арнайы балаларға арналған. Емдеу шараларының барлық түрі балалар үшін тегін.

Онкологтардың айтуынша балалар арасында рактың таралуының әртүрлі себебі бар. Бүгінгі таңда жыл сайын елімізде 400-ден астам жеткіншек осы дертке шалдығады екен.

Айта кетейік, Балалар онкологиясы орталығында жылына 200-ге жуық бала ем қабылдайды.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев