Шығыс Қазақстанда 108 елді мекенді су басу қаупі бар

Егер күн райы күрт жылынса, шығыста 108 елді мекенді су басуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе Алтай, Қотанқарағай, Көкпекті сияқты таулы аудандардағы кейбір елді мекендерде жағдай қиын. Сондықтан өңірдегі барлық коммуналдық мекеме наурыздың бірінен бастап күшейтілген жұмыс кестесіне көшіріледі. Ал төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері әр ауданның дайындығын пысықтап жатыр.

Олжас Керейхан, тілші:

– Алтай облыстағы тасқын қаупі ең жоғарғы аудандардың бірі саналады. 2018 жылы Алтай қаласының төменгі бөлігін толық су басып, 100-ден астам үй су астында қалған. Сондықтан былтырдан бері атқарушы билік бұл аудандағы тасқынға тосқын жұмыстарының бағытын өзгертті.

Алтай ауданындағы ауылдардың бәрі биік таулардың арасына қоныс тепкен. Әр елді мекеннің іргесінен Бұқтырма, Тұрғысын сияқты екі долы өзен ағады. 12 ауыл осындай қауіпті аумақта тұр. 2015 және 2018 жылы болған су тасқынынан соң әрбір ауылдың тұсына қосымша бөгеттер салынып, шағын өзендердің арнасы тазартылды.

Аманкелді Тымбаев, аумақтық қорғанысты қалыптастыру басқармасының арнайы топ басшысы:

– Жанар-жағармай қоры және де тас, қолданатын инертті материалдар жеткілікті қалпында бар және де тас, қаптар бізде дайындалған. 8 мың данаға дейін қап бар. Олардың 3 мың данасы ауылдарға таратылды.

Ауылдар ғана емес, Алтай қаласы да судың жолында. Әсіресе төменгі шағын аудандағы 100-ден аса үй шұңқырда тұр. Сай-саладан аққан су сол аумаққа жиналады. 2018 жылы сол маңдағы су сорғы станса тасқынның астында қалған. Екі жыл бұрын ол нысан толық жөнделіп, су сору қуаты да артқан.

Биыл таулы аудандарда қардың қалыңдығы бір жарым метрге дейін жетеді. Ал жердің тоңы 40-50 сантиметр. Бірақ күн райы күрт жылынып, жаңбыр жауса, жағдай қиындауы мүмкін.

Алексей Штыкель, облыстық ТЖД басқарма бастығы:

– Өткен жылы су тасқынына дайындық жұмыстарын пысықтау үшін 11 шара ұйымдастырдық. Оның төртеуі осы Алтай ауданында өткізілді. Өйткені бұл өңірде жағдай кез-келген уақытта өзгеруі мүмкін.

Жағдай өзгерсе, тұрғындарды көшіріп, уақытша орналастыратын 16 орын дайындалған. Ал жалпы тасқынды болдырмас үшін ауданға 100 миллион теңге бөлінген. Дегенмен Алтайда қар көбесі әлі сөгілген жоқ.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин