Түркістан облысында мектеп ғимараты құлайын деп тұр

Түркістан облысының Бәйдібек ауданында сапасыз салынған мектептің төбесі опырылып, ортасына түсуі мүмкін. Екі жүзден астам оқушысы бар оқу ордасы ғимаратының шатырынан су ағып, едендері ойылып қалған. Ал ұжымның бұл мәселені көтергеніне 10 жылдан асыпты.

«100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасымен 2009 жылы пайдалануға берілген Майбұлақ жалпы орта мектебі қирап қалайын деп тұр. Нысанды жылыту және желдету жүйелері дұрыс жүргізілмегендіктен акт залының төбесі ортасына түсуі мүмін. Жауынды күні су сорғалап, қабырғалары қақыраған. Оқу кабинеттерінің қабырғаларында жарықшақтар пайда болған.

Әшімхан Балабеков, Майбұлақ жалпы орта мектебінің директоры:

– Бұл мәселенің айтылып келе жатқанына 12 жыл болды. Қыстыгүні біздің сыныптарымыз ешқашан жылыған емес. Жаңбыр жауса бірінші қабаттағы терезелерден ішке су кіреді. Сондықтан біз күн суыған кезде бес сыныпты шығыс жаққа қарай ауыстырамыз.

Үш жүз балаға арналған білім ордасының спорт залы да оқушылардың өміріне қауіп төндіріп тұр. Себебі едендегі ойықтар мен жырықтардан зардап шеккендер бар.  

Нұрмахан Байзалиев, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі:

– Төрт-бес жыл болды, балалардың ойнауына еш мүмкіндік жоқ. Қыстыгүні, амал жоқ, осы жерде ойнатамыз. Ойылып-ойылып кеткен. Балалар сүрінеді, құлайды. Қанша бала аяғын шығарып алды.

Алғабас пен Майбұлақ ауылының балалары білім алатын мектепте ауызсу жүйесі жоқ. Су болмағасын ішкі әжетханалар да жұмыс істеймейді. Ал мектеп басшылығы күрделі жөндеуді сұрап, біраз табалдырықты тоздырғанымен, өтініш қолдау таппай отыр. Себебі қазына қаржысы жетпейді, - депті.

Мұқағали Садық, Бәйдібек аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің бас маманы:

– Күрделі жөндеу жұмыстары қажеттілігіне қарай орын алады. Қазір жобалау сметалық құжаттары енді әзірленуде.

Облыстық басқарманың мамандары алдағы уақытта ғимараттың техникалық жағдайын жіті тексереміз деп отыр. Ал оқушылардың жазғы демалысы кезінде спорт залының еденін ауыстыруды жоспарлапты.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов