Кіші медициналық қызметкерлер мардымсыз жалақыға наразы

Кіші медициналық қызметкерлер мардымсыз жалақыға наразы

Шығыс Қазақстан облысында еңбекақымыз көтерілді деп серпіліп қалған кіші медициналық қызметкерлердің көңілдері су сепкендей басылды. Мәселен, облыстық Ана мен бала орталығындағы осындай мамандардың жалақысына бар болғаны 3 мың теңге ғана қосылыпты. Абдырап қалған қызметкерлер еңбектерінің осылай бағаланғанына наразы. Олар басшылықтарына өздерінің ауыр да тынымсыз жұмыстарына сай лайықты еңбекақы берілсе деген өтініштерін жеткізді.

Гүлнәр Жұмағалиеваның жұмысын біреу елесе, біреу елемейді. Алайда күні бойы бөлімшелер арасында сәлем сауқыт тасымалдап, шапқылаудың қаншалықты ауыр екендігі өзіне ғана аян. Ал қолына бүкіл үстемақыларын қоса алғанда, бар болғаны 70 мың теңге ғана тиеді.

Гүлнәр Жұмағалиева, «Ана мен бала орталығының» қызметкері:

– Несие төлеуге ғана болады. Туыс-туғандардың көмегімен өмір сүріп жатырмыз. Бұл жерде адамдар еріксіз жүр деп ойлаймын, басқа жұмыстың ыңғайы болмай жатыр.

Жазира Сәрсенбаеваның жұмысы бұдан да ауыр. Әр палатаның айнадай таза болып тұруы, жас аналар мен балаларға көмектесу ол үшін оңай емес. Ертеден қара кешке дейін жүргендегі жалақысы да соған татымайды.

Жазира Сәрсенбаева, санитар:

– Әрине, жасың келген сайын еңкейіп, созылып, шаң сүртіп жүру оңай емес қой. Күні кешке дейін аяқтан тік тұрамыз. Бірақ басқа амалымыз қайсы, жұмыстың аты жұмыс деп жүре береміз.

«Кіші медициналық қызметкерлер» деген атымыз болғанмен, дәл еңбекақыға келгенде біздің «медициналық қызметкерлер қатарына» кірмей қалатынымыз таң қалдырады дейді мұндағылар.

Тамара Жук, шаруашылық саласының қызметкері:

– Президент жарлығы шықты, жалақымыз өсті деп жүргенбіз. Көргеніміз 3 мың теңге ғана. Өйткені біздің көтерме коэфицентіміз төмен. Сондықтан еңбекақымыздың өскенін сезбей де қалдық. Бұған, тіпті не күлерімізді, не жыларымызды білмедік. Оның үстіне біз медициналық қызметкерлерге жатпайды екенбіз. Сонда біз қайда жұмыс істеп жүрміз. Ол да түсініксіз жағдай.

Ашынған қызметкерлер «Ана мен бала орталығының» басшылығына да осы ойларын ашық жеткізді. Бірақ олар бұл мәселені шешуге қауқарсыз, себебі жалақы көлемі заң бойынша  бекітілген базалық еңбекақыға тәуелді.

Маржан Дайрабаева, облыстық «Ана мен бала орталығының» директоры:

– Бізде жылдан жылға барлық коэфиценттер көтеріліп жатыр, бірақ негізгі еңбекақы көтерілмей тұр. 17 600 теңге болып тұр. Бар мәселе сонда болып тұр.

17 мың теңгеге тиісті коэфиценттер қосылғанда кіші медқызметкерлердің еңбекқасы 51 мың теңге шығады. Оған түрлі үстемақыларды қосқанның өзінде жеме-жемге келгенде 60-70 мың теңге ғана алады. Сондықтан базалық жалақы мөлшері өспей мәселені түбегейлі шешу мүмкін емес дейді мамандар.

Айта кету керек, «Ана мен бала орталығында» мыңнан астам қызмкер болса, соның тең жартысы – кіші медициналық қызметкерлер.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов