Елордада мектепке бару мехнатқа айналды

Нұр-Сұлтанда оқушылар мектепке «тар жол, тайғақ кешумен» барады. Балалар білім алуға қыста қар омбылап, көктемде саз балшық кешіп жетеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті жаяуға арналған жолы жоқ мектептер де бар. Ата-аналар бұл балаларға қауіпті деп алаңдайды. Таңмен таласа білімге асыққан оқушылар мектепке тез жеткісі келеді. Алайда білім ордасына баратын төте жолдың бәрі тақтайдай емес. Бас қаладағы №92 мектеп-лицейіне баратын біраяқ жолдың өзі «үп» еткен жел тұрса болды, қар басып, жүргіншіге қиындық тудырады. Дауылпаз көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолын қыс басталысымен қар басып тастаған. Оқушылар көлік жолын бойлап жүруге мәжбүр. Алайда бұның қауіпті екені айтпаса да түсінікті.

– Қауіпті, кейде көліктер ағыны көбейіп кетеді. Ал тротуардың бәрін қар басып қалған. 

– Мен осы маңда тұрамын. Мұнда жаяу жүргіншілерге жүру өте ыңғайсыз. Қыста көктайғақ, көктем болса, саз кешеміз. 

– Бұл жолдың өзі тар. Қыс бойы жолдың екі шеті қардан тазартылмайды.  

ЛРТ бағандары, үнемі үзілмейтін құрылыс жұмыстары. Бұл енді №73 мектеп-лицейіне апаратын жолдың сыйқы. Оқушылар күнделікті осы темір-терсек, бетон қоршауды кесіп өтуге үйреніп қалғандай. Ата-аналар мен оқушылар қар басқан жолдан бір ізді сүрлеу салып алған.

Шарап Садуақасов, қала тұрғыны:

– Мынау ЛРТ-нің кесірінен мына жолды қыста қар басып қалады, көктемде лай болады. Бастауыш сыныпта оқитын балаларға жаяу келу өте қиын. Көлігі барларға білінбейтін шығар. Көбінде көлік жоқ қой. 4-5 жылдан бері осы жол осылай тұр.

Ералы Жансейіт, қала тұрғыны:

 – Мына жердің бәрі қар. Қазір білінбеуі мүмкін. Көктемге қарай жауын-шашыннан балалар жүре алмайды. Себебі біраяқ жол балаларға оңай емес. Мына жерде салынып жатқан құрылыс та көп. Жол болмаса да құрғақ асфальт төсеп берсе, жақсы болар еді.

Айтпақшы, өткен күзде ғана біз бұл жерді түсіріп көрсеткен болатынбыз. Онда да ата-аналар «жол жоқ» деп шағымданған еді. Алайда жергілікті билік қыс түссе, қар астынан көрінбей қалар деді ме содан бері жағдай мүлдем өзгермеген. 

Бұл екі мектеп те Елорданың «Алматы» ауданында орналасқан. Биыл қыс басталғалы коммуналдық қызметтер осы ауданнан миллион текше метрден астам қар шығарғанын айтады. Соңғы боран әбден әбігерге салса керек, салдарымен әлі алысып жатыр. Тек қарды күреуге жол шетінде бей-берекет тұрып алатын көліктер көп кедергі келтіреді,– дейді мамандар.

Батырхан Жазықбаев, «Алматы» ауданы әкімдігі өндірістік техникалық бөлімінің бас маманы:

– Күнделікті Алматы ауданы бойынша 250 дана техника және 500-ге жуық жол жинау қызметкерлері жұмыс істейді. Аппарттың бастапқы жұмысы қар жауғаннан кейін бірінші болып танылатын жұмыстар - үлкен көшелерді, орталық көшелерді жинаймыз. Мектептердің алдын, емханалар мен  балабақшалар алдын жинаймыз. Қар жауу мөлшері көп болады деген хабарлама түседі. Сол күндері біз алдын ала техниканы дайындап, мысалы, қазір күндіз 250 техника жүрсе, күндізгі  техника 400-500-ге жетеді ол күндері. Оны көбейтеміз шама келгенше, бірақ адамдарды да көбейтіп жинаймыз ол күндері.

Біз елордадағы тек екі мектептің жолын көрсеттік. Алайда мұндағы өзге де білім ошақтарына апаратын жолдың нашарлығына шағым айтатындар көп. Көктем де жақындап қалды. Қыста қонышына қар кіріп, ол ерісе,  саз балшық кешетін оқушыларға обал-ақ.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы Артур Горшняков