Кентаулықтар қыстың көзі қырауда жылусыз отыр

Кентау қаласының тұрғындары пәтерде сырт киіммен отырады. Себебі баспанадағы батареяда қызу жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал жергілікті жылу тарату орталығы халықтың шағымын жоққа шығарып отыр. Олар барлық қазандық толық қуатында жұмыс істеп тұрғаны айтады. Мекеме қарызы көбейіп, миллиондап шығынға батқан. Кентаудағы көп пәтерлі үйдің тұрғындары жылуға жарымай отыр. Қыс басталғалы  бүрсең қаққан халық суық батареялардан үміт болмағасын электрлі жылытқыш құралдарын пайдалануға көшкен. Бірақ соңғы күндері оның өзі жиі сөніп, ашынған халықты әбіргерге салды.

Елена Солодова, Кентау қаласының тұрғыны:

– Мұндай жағдай бұған дейін болған емес. Қазір жаурап жүрміз. Кейде электр жарығы да сөніп қалады. Ол кезде мүлде салқын ауаның салдарынан қатты қиналып кетеміз.

Жолдасбек Сыбанбаев, Кентау қаласының тұрғыны:

– Біз жылытқыштар мен кондиционерді, майлы радиаторларды қосып, үй ішін жылатымыз. Әйтпегенде немерелерім келсе, қатып қалдық деп жылайды. Осылай қиындықты еңсеріп жүрміз.

Бес қабатты тұрғын үйдің иелері салқын үйде дірдектеп отырсақ та жылуға келетін коммуналдық берешекті төлеп келеміз дейді. Биыл тариф құны екі есеге төмендеп, әр шаршы метрі 44 теңге болып бекітілген. Алайда тариф пен бірге температураның да төмендеуі жұртты абыратып қойды.

Лилия Отставных, Кентау қаласының тұрғыны:

– Мен тариф бағасы біршама төмендегеніне келісемін. Бірақ бұл жылу таратуды азайту керек дегенді білдірмейді ғой. Сіздер түсінесіздер ме? Біз қыс ішінде жылы үйде отырғымыз келеді. Қалың киініп, қырық оранып емес. Жауаптылар ешқандай шара қолданып отырған жоқ.

Қала ішінде гидрооқшауланбаған магистральды құбыр көп. Қапталмаған жалаң металл жылуды үйге жеткізбей жатып, суып қалады. Осылай деген тұрғындардың базынасын жылу тарату орталығының мамандары да мойындап отыр. Бірақ олқылықтың орнын толтыру үшін қаржы жоқ.

Әшірхан Төлеу, «Кентау сервис» МКК директорының орынбасары:

– Бізде ақша жоқ. Жылу жүйесін оқшаулауға жетпейді. Керісінше, станцияның қарызы көбейіп кетті. Өткен жылдан бері шамамен 700 миллион теңге берешегіміз бар. Көмір тасымалдаушылар мен энергия жеткізуші мекемеге, мазут пен солярканың да қарызы жетіп жатыр.

Жылу тарату орталығының мамандары тұрғындардан түскен ақша тек қызметкерлердің жалақысын өтеуге ғана жететінін айтады. Соған қарамастан барлық қазандық толық қуатында жұмыс істеп тұр екен. Ал құбырларды гидрооқшаулау үшін бюджеттен қосымша қаржы сұраған.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

– Түркістан облысының әкімдігі Кентау «Жылу электр орталығына» қазынадан 1 миллиард 200 миллион теңгеге жуық қаржы қаралғанын айтады. Бұл маусымдық жылумен қамтамасыз етуге бөлінгендіктен көмір мен мазутты сатып алуға да жетуі керек. Алайда әкімдіктегілер жыл сайын дәл осындай қаржы алып отырған алып компанияның неліктен шығынға ұшырағанын түсінбей отыр.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов