Жарамсыз су тұтынатын тұрғындар арасында ауруға шалдығушылар жиіледі

Жарамсыз су тұтынатын тұрғындар арасында ауруға шалдығушылар жиіледі

Алматы облысының Көксу ауданына қарасты Алғабас ауылының халқы 10 жылдан бері орталықтандырылған ауызсу құбырынан ащы су ішіп отыр. Жергілікті тұрғындар «ол су ішуге жарамсыз, соның салдарынан ауылда бауыр, бүйрек ауруымен ауыратын адамдар саны артып барады» деп дабыл қағуда.

Сондай-ақ Алғабаста жайылымдық жер жер тапшы. Аталған мәселелер ауылдық округ әкімінің халық алдындағы есеп беру кездесуінде қызу талқыланды. Ардақ Айбарұлы әңгімелейді.

Алғабас ауылындағы орталықтандырылған ауызсу құбырының ұзындығы 11 шақырым. Оған 218 абонент қосылған. «Есептегіш құрал орнатып, ақшасын уақытылы төлеп отырғанымызбен, сапалы ауызсуға бір жарымай-ақ қойдық. Ішіп отырған суымыз тұзды. Су мұнарасынан сынама алып, Алматыда сараптама жасаттық. «Ішуге жарамсыз» деген қорытынды шығарып берді» дейді ауыл тұрғындары.

Ерлан Мыңбаев, ауыл тұрғыны:

– Қазір мынаны ішіп көріңіздер. Таттанып, тұздың дәмі шығып тұрады. 21 ғасырда осындай су ішу деген сұмдық қой. Ай сайын кран ауыстырамыз. Соның бәрін тұз жеп тастайды. Денсаулыққа тұзды су зиян емес пе? Ауылда талай адам бүйрекпен, бауырмен ауырып жатыр.

Алғабас ауылының орталықтандырылған ауызсу құбыры 2012 жылы «Көксу таза су» мемлекеттік кәсіпорнына өткен. Олар ауыл халқына ұңғымадан шығатын су мен ашық су көзінен алынатын ауызсуды араластырып беруге мәжбүр. Себебі бұл ауылға бір ұңғыманың күші жетпейді. Ал таудан ағып келетін судың тұздылығы өте жоғары болып тұр. Екеуін резервуарда араластырғанда оның құрамындағы тұз бекітілген нормадан аспауы тиіс. Аудандық санитарлық эпидемиологиялық станция зертханалары өткен жылдың қыркүйек, қазан, қараша айларында судан сынама алып, «ішуге жарамды» деген қорытынды шығарып берген.

Мәди Қарбаев, аудандық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

– Қорытындысы СЭС лабароторияларында тұр. Бірақ сонымен қатар біз қосымша тағы бір су мұнарасын орнату үшін жобалық-сметалық құжаттаманы есептедік. 13 млн 447 мың шықты. Соны облыстық басқармаға ұсындық. Тағы бір скважина қойылса, жаңағы шеген құбырды мүлдем тоқтатамыз. Таза су болады.

Алғабастықтарды алаңдатып отырған тағы бір мәселе – жайылымдық жер тапшылығы. Арнұр Еркінбеков бұған дейін үйінде 15 сиыр ұстапты. Жылдан жылға өріс тарылып бара жатқандықтан, мал басын азайтуға тура келген.

Арнұр Еркінбеков, Алғабас ауылының тұрғыны:

– Осы ауылда, есімдерін атамай-ақ қояйын, бірақ бір 4-5 латифундист бар. Бүкіл жерлер солардікі.  Қыстауда да жерлері бар. Оның сыртында қосымша енді ауылдың жайылымына көшті. Бұлардың ауыл жайылымына кесірі тиіп отыр. Шабындығына тағы зиян келтіріп отыр.

Алғабас ауылының іргесінде 5831 гектар жайылымдық жер бар. «Қазір аудандағы 10 ауылдық округттің шекарасын бекітуге қаражат бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сол жұмыс аяқталған соң мұндағы жайылым көлемі 7 мың гектарға дейін ұлғаяды» деді жергілікті атқарушы билшік өкілдері.

Ержан Шалқыбеков, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:

– Енді бұл жерде конкурс арқылы беріліп кеткен жерлер бар. Жайылым ең бірінші рет 1990-жылдардан бастап бөлінген. Сол кездерден бері қарай беріліп кеткен жерлер бар. Соны қайтару жұмыстарын биыл қолға алғалы жатырмыз. Қазіргі таңда құжаттар реттелуде.

Жергілікті тұрғындар ауданнан келген басшылардан өздеріне бекітіліп берілген жерлері бола тұра, елді мекен іргесіндегі жайылым мен шабындыққа малдарын жайып жіберетін қожалық иелерін тәртіпке шақыруды сұрады. «Қызғанбаймыз, біз үшін қазақтың бай болғаны жақсы. Бірақ қара халыққа кесіріңді тигізуге болмайды, жер иеленушілер соны түсінсе екен» дейді алғабастықтар.

Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов