Қарағанды облысында балалар үйінің қызметшілері мемлекетке 35 млн теңге қарыз

Қарағанды облысындағы 6 бірдей балалар үйінің техникалық қызметшілері мемлекетке 35 млн теңге қарыз. Жұмысшыларға бірнеше жыл бойы жалақыға қосымша 5 мың теңге үстеме беріліп келген. Алайда жақында тексеру жүргізген Ішкі аудит департаменті аталған қаржы тек тәрбиешілерге берілуі тиіс екенін анықтаған. Ал тазалықшы, күзетші, киім тігуші сынды жұмысшыларға қаралмаған екен. 

Гүлбану Әбдірахманова Қарағанды облысындағы  мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ең ірі балалар үйінде ондаған жыл қызмет етеді.  Кімнің қателігі екені белгісіз, бір басында 360 мыңнан астам қарызы бар екенін жақында біліпті. Тіпті сот шешімі де шыққан. Енді қарызын қайтару үшін жарты жыл тегін жұмыс істеуге тура келетін түрі бар.

Гүлбану Әбдірахманова, балалар үйінің жұмысшысы:

– Мысалы, маған қазір 361 мың теңге қайтару керек болып тұр. Мен оны неге қайтарамын? Мен ешкімнен ештеңе сұрағам жоқ, не тағайындап берді соны алып отырдым. Мен зарплатам бүгінгі күні 60 мың аламын. Осыдан үш жыл бұрын ол 30 мың болған. Сонда мен оны қалай қайтару керекпін?

Бір ғана осы мекеменің мемлекет алдындағы берешегі 10 миллион теңгеге жуық.  Бұл 70-ке жуық қызметкердің үш жылдан бергі 5 мың теңге үстемесінің қарызы. Бухгалтер болса бұл қаржы білім және ғылымс министрлігінің қаулысына сай берілген деп отыр. Ал, кәсіподақ комитеті салалық келісімнің нәтижесінде төленген дейді.

Татьяна Рассказимова, есепші:

– Біз мұны өзіміз ойлап тапқан жоқпыз, басқарма тарапынан рұқсат берілген. Енді жұмыскерерлердің айлығынан ұстап қалмақ. Осында жұмыс істеп 28 мың, 30 мың айлық алатын адамдар бар. Соларға 5 мың теңге үстемақы қосып отырдық. Жыртыққа жамау болсыншы деп, енді соның барлығын бір мезетте қайтарсын деп жатқаны ақылға сыймайды.

Самат Байкенов, балалар үйінің кәсіподақ комитетінің төрағасы:

– Біздің жанайқайымызды жоғарғы соттағылар естіп, осыған дейін шығарылған үкімнің күшін жойса дейміз. Олай болмаса балалар үйінің басшысы өз қызметкерлеріне шағым жазып, ақшаны қайтаруға тура келеді. Жұмысшылардың кейбірі жұмыстан шығып кеткен. Негізінде бізде білім және ғылым министрлігінің жіберген хаты бар. Онда үстеме барлығына бірдей төленеді деп анық жазылған.

Ал сот болса кәсіподақ пен бухгалтерлер ұсынған құжатты негізсіз деп таныпты. Осылайша заңға емес, үкімет қаулысына сүйенгендерін айтады.

Айгүл Мүтәләпова, мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың судьясы:

– Сот балалар үйі қызметкерлерінің талап арызын негізсіз деп тапты. Себебі үкімет қаулысына сай мемлекет есебінен қаржыландырылатын ұйым қызметкерлеріне мұндай үстеме тек балалар жіті байланыста жұмыс істейтін тұлғаларға ғана берілуі тиіс болған. Ал техперсоналдағы қызметкерлер бұл санатқа енбейді. Ал ұжымдық келісім өз дәлелін тапқан жоқ.

Қазір облыстағы 6 бірдей балалар үйінің жалпы қарызы 34 миллион теңгеге жеткен. Жалпы өткен жылы осындай тексеру елдің барлық балалар үйінде жүргізілген көрінеді. Алайда олқылық тек Қарағанды облысында анықталған. Енді берілген айлықты алып отырған техперсоналдар кімнің кесірінен қарызға батқанын және оны қалай қайтаратынын білмей дал болып отыр. Мардымсыз айлық алып отырғандар жоғарыдан қолдау күтеді. 

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев